Алматы әуежайында Ақтауға ұшқалы тұрған жолаушының сөзі қауіпсіздік қызметінің назарын аударып, ол рейстен түсірілді. Оқиға 3 қыркүйекте болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, FlyArystan әуекомпаниясының актісі негізінде жолаушы ұшақтан түсірілген. Бұған оның жүгін меңзеп, "мына сөмкеде қорғасын ба, бомба ма" деген сөзі себеп болған.
Осыдан кейін көлік полициясы мен авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері жолаушыны және оның жүгін тексерді.
"Тыйым салынған заттар немесе жарылғыш заттар табылған жоқ", – деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.
Оқиғаға байланысты әуежайдан адамдар эвакуацияланбаған. Әуе айлағы қалыпты режимде жұмысын жалғастырған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода жолаушылардың бірі егде жастағы азаматтың ауыр сөмкесі туралы сөз арасында "бомба" сөзін қолданғанын айтқан. Оның сөзінше, экипаж бұл жайтқа бірден назар аударып, кейін жағдайға әуе кемесінің командирі араласқан.
Жолаушы бортсеріктердің қауіпсіздік талаптарына сәйкес әрекет еткенін атап өтіп, әуе кемесінде айтылатын сөздерге мұқият болуға шақырды.