Ата-ана ағзасындағы В12 деңгейі баладағы туабітті ауруларға себеп болуы мүмкін – зерттеу

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Жүктіліктің алдында тек ананың емес, әкенің де ағзасындағы В12 дәруменінің деңгейі баланың денсаулығына әсер етуі мүмкін. Қытайда жүргізілген зерттеуде ата-анасының В12 көрсеткіші жоғары болған балаларда туа біткен даму ақаулары сирек кездескен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Фудань университеті ғалымдарының зерттеуі Annals of Internal Medicine медициналық журналында жарияланды. Авторлар нәтижелер жүктілікке дайындық кезінде екі ата-ананың да тамақтануына назар аудару маңызды екенін көрсетеді дейді.

Ғалымдар Шанхайдағы 3032 жұптың дерегін талдаған. Олардың қанындағы В12 дәрумені мен В9 дәруменінің мөлшері бала көтеруден төрт ай бұрын тексерілген. Осы топта туа біткен ақауы бар 73 жүктілік тіркелді. Зерттеудің екінші бөлігіне жүктіліктің алғашқы төрт айында қан тапсырған 17 765 әйел қатысты. Бұл топта тірі туған балалармен қатар, өлі туу және ұрықтағы ақауға байланысты тоқтатылған жүктіліктер де есепке алынды. Барлығы 327 даму ақауы анықталды.

Аналардың жүктілікке дейінгі В12 көрсеткіші ең төмен болған (литріне 148 пикомольден аз) топта туа біткен ақаулардың болжамды жиілігі мың жүктілікке 49,6 жағдай болған. В12 деңгейі литріне 590 пикомоль және одан жоғары болғанда бұл көрсеткіш 16,2 жағдайға дейін төмендеген.

Әкелерден де ұқсас, бірақ әлсіздеу байланыс байқалды. В12 деңгейі ең төмен топта даму ақауларының болжамды жиілігі мың жүктілікке 55,5 жағдай болса, ең жоғары көрсеткіштері бар топта 24 жағдай болған.

Жүктіліктің бастапқы кезеңіндегі ананың эритроциттеріндегі фолат деңгейі де маңызды болып шықты. Оның мөлшері жоғары әйелдерде туа біткен ақаулар сирек кездескен, алайда белгілі бір деңгейден кейін көрсеткіштің одан әрі көтерілуі қосымша артықшылық бермеген.

В12 дәрумені ДНҚ түзілуіне, эритроциттер мен жүйке жасушаларының қалыпты жұмысына қатысады. Ол негізінен етте, балықта, құс етінде, жұмыртқа мен сүт өнімдерінде болады. Өсімдік өнімдерінде В12 табиғи түрде кездеспейді, бірақ кейбір тағамдарға арнайы қосылады.

Авторлар В12 деңгейінің жоғары болуы туа біткен ақаулар қаупін міндетті түрде төмендетеді деп қорытынды жасауға болмайтынын ескертті. Бұл бақылаулық зерттеу болғандықтан, нәтижеге тамақтану сапасы, денсаулық жағдайы, табыс деңгейі немесе медициналық көмекке қолжетімділік сияқты басқа факторлар әсер етуі мүмкін.

Сонымен бірге жүктілікке дейін тексерілген жұптар тобында ақау жағдайларының саны салыстырмалы түрде аз болды. Зерттеу Шанхай тұрғындарының арасында жүргізілгендіктен, оның нәтижесін барлық ел мен халыққа тікелей қолдану үшін қосымша зерттеулер қажет.

Зерттеу В12 қоспасын өздігінен және жоғары мөлшерде қабылдауға кеңес бермейді. Вегандарға, асқазан-ішек аурулары бар адамдарға немесе В12 сіңуіне әсер ететін дәрі қолданатындарға дәрігермен кеңесіп, қан талдауын жасау пайдалы болуы мүмкін.

Ал фолий қышқылының жүйке түтігі ақауларының алдын алудағы тиімділігі бұрыннан дәлелденген. АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы жүкті болуы мүмкін әйелдерге тәулігіне 400 микрограмм фолий қышқылын қабылдауды ұсынады. Оны бала көтеруден кемінде бір ай бұрын бастап, жүктіліктің алғашқы кезеңінде жалғастыру қажет.

Тэгтер:

ата-ана В12