Маңғыстауда 5,5 келі бекіре уылдырығы тәркіленді

3 қыркүйек, 2026 / Алуа Арман

«Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Маңғыстау облысында полицейлер арнайы бөлімше қызметкерлерімен бірлесіп, облыс прокуратурасының үйлестіруімен бекіре тұқымдас балық өнімдерін заңсыз айналымға шығару фактісінің жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мұнайлы ауданының Атамекен ауылында тәртіп сақшылары Toyota 4Runner автокөлігін тоқтатып, тексеру жүргізді. Нәтижесінде жалпы салмағы 5,5 келі болатын бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы салынған 10 ыдыс анықталып, тәркіленді.

Көліктегі үш ер адам полицияға жеткізілді. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар ұсталғандардың бірінің есірткілік масаң күйде болғаны анықталды.

Оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, арнайы қабылдау орнына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тэгтер:

Маңғыстау бекіре уылдырық