Ақеділ Тойшанұлы: Тазыны дәріптеу – ұлттық дәстүрді жаңғырту

Бүгін, 12:51 / Дана Ізтілеуова

Биылдан бастап елімізде 3 қыркүйек ресми түрде Қазақы тазы күні ретінде аталып өтеді. Бұл туралы Үкіметтің тиісті қаулысы 28 сәуірден бастап күшіне енді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақы тазы – халқымыздың жеті қазынасының бірі. Шапшаңдығы, қырағылығы және аңшылық қабілетімен ерекшеленетін бұл асыл тұқымның қазақ халқы үшін орны ерекше.

Белгілі этнограф ғалым Ақеділ Тойшанұлы қазақ халқы итті тек үй күзетіне емес, тіршіліктің ажырамас серігі әрі аңшылықтағы сенімді көмекші ретінде бағалағанын баса айтады. Соның ішінде төбет – мал мен қораның қорғаушысы болса, тазы – саятшылықта жүйріктігімен танылған ерекше тұқым. Ғасырлар бойы бұл қос тұқымның қасиеті мен қызметі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ұлттық мұрамыздың бір бөлігіне айналды.

«Қазақ халқы итті екі түрлі бағытта өсіретін болған. Төбет итті қотаншыл, қорашыл қылып асырап, оған мал күзеттірген. Ал тазыны аң аулауға, саятшылыққа пайдаланған. Қазақ бұл екі тұқымды баптап, өсіріп, мұның маңызын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келген. Ата-бабаларымыз көбінде аңшылықпен, малшылықпен айналысқандықтан, ежелгі заманнан ит адамның досына айналғаны белгілі. Сонымен қоса, көмекшісіне, жәрдемшісіне айналған. Айталық, төбет иттер қойға қасқыр шапса, ұры түссе, оны жолатпай, жуан, кесек денесімен шаншып тарпып, ұстап алатын болған. Ал тазының денесі керісінше кіші болса да, тұмсығы сүйір, құлағы шашақты келеді. Қарны қабысқан болғанмен, кеуделі сирақтары ұзын, жүгіруге қолайлы тұқым. Сондықтан тазыны аңға салғанда ұшқан құстай жүйіткіп, жебедей атылып, аңды шебер ұстайтын болған. Сол себептен де оның жүйріктігіне көп адам таңғалады. Ал төбет иттер керісінше, кесек денесімен қашқан аңға жетпей қалуы мүмкін. Бірақ төбетті де аң аулауға алып шығатын болған. Тазы қасқыр секілді ірі жыртқышқа күші жетпесе де, қылтасынан шайнайтын болған. Сол кезде төбеттер де қуып жетіп қасқырды алқымдап ұстап алатын болған. Сондықтан аталарымыз тазы мен төбеттті ерте кезден осындай түрлі мақсатта өсіріп келген», – дейді ғалым.

Қазақы тазы – халқымыздың дәстүрі мен мәдениетінің, серілік пен саятшылық өнерінің айқын көрінісі. Бүгінде ұлттық құндылықтың бір бөлігі саналатын осы асыл тұқымды сақтап, дамытуға ерекше көңіл бөлініп, оның тарихи-мәдени маңызын зерттеу жұмыстары да жанданып келеді. Ақеділ Тойшанұлының айтуынша, тазының қайта түлеп, ұлттық мұра ретінде жаңғыруы – елдің дәстүріне деген құрметтің арта түскенінің белгісі.

«Бүгінде елімізде жойылып бара жатқан тұқымын қорғап қалу үшін түрлі іс-шара атқарылып жүр. Ұлттық спорт ретінде де қазақы тазыға айрықша мән беріліп келе жатыр. Бұл тұқымды жіті зерттейтін өзінің зерттеушілері де бар. Айталық, этнограф Ахмет Тоқтабай, Тәттігүл Қартаева ханым, Бағашар Қожахметов секілді мамандар қазақы тазыны егжей-тегжей зерттеп жүр.

Тазының қазақтың бағы, қадір-қасиеті, асыл мұрасы екені туралы жазған жазушыларымыз да аз емес. Мысалы, Мұхтар Мағауин «Тазының өлімі» деген повесінде Совет одағы кезінде тазының өлімін қазақтың өліміне теңеп, қазақтың салт-дәстүрі күйреп бара жатқанының символы ретінде астарлап жеткізген. Сол шығарма кезінде «Қазақтың тазысымен бірге бағы да бірге жүрген екен ғой» деп көп оқылған-тын.

Сондықтан кезінде тазының өлімін астарлы символ ретінде жеткізсе, бүгін керісінше, тазының «тірілуіне» сеп болатын, ұлттық жаңғыру құбылысы жүзеге асып жатыр. Лайым құтты болсын!

Өз басым бүгінгі күннің ұлттың қадір-қасиетін, өзінің салтын, Ұлы даладағы ерешке салтанатты, серілік, саятшылық дәстүрін бүгін бір оятуға, өзінің арғы мәдениетімен жіті танысуға себеп болып тұрғанын құптаймын. Расында 3 қыркүйектің Қазақы тазы күні ретінде бекітілгенін құп көремін» , – дейді ол.