Қазақы тазы күні ұлттық мұраны сақтауға жаңа серпін бермек – Нұртөре Жүсіп

Бүгін, 10:52 / Дана Ізтілеуова

Бүгіннен бастап елімізде Қазақы тазы күні алғаш рет аталып өтеді. Жаңа дата биыл Үкімет қаулысымен еліміздің мерекелік күндер тізбесіне ресми түрде енгізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Белгілі журналист, қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіптің сөзінше, Қазақ тазысы күні – қазақтың байырғы тазы тұқымын ұлықтайтын ерекше күн. Алғаш рет аталып отырған Қазақ тазысы күні ұлттық мұраны сақтау, асыл тұқымды көбейту және қазақы иттерді әлемге таныту ісіне жаңа серпін бермек.

«Ит – жеті қазынаның бірі» дейтін еді бұрынғылар. Қазақы тазы – халқымыздың санғасырлық серігі. Бұл ит атаулының ішіндегі ерекше тұқым. Сымбаты келіскен, ұшқыр, жеңіл әрі шымыр тазының жүйріктігі мен төзімділігі оны әлемдегі ең танымал аңшылық ит тұқымдарының біріне айналдырды.

Тазы ғана қазақтың үйінде жатады. Басқа иттердің бәрі сыртта болады.

Бүгін елімізде Қазақ тазысы күні алғаш рет аталып өтіп жатыр. Енді бұл дәстүрге айналатыны анық.

Ғасырлар бойы Ұлы дала төсінде көшпенділер тұрмысымен біте қайнасқан тазыны бізді тарихымызбен және туған жер мен өскен ортасын қадір тұтқан ата-баба дәстүрімен байланыстырады. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы тұқымын сақтап, көбейтуге және оны халықаралық деңгейде насихаттауға айрықша мән береді. 

Президент тапсырмасымен соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарыла бастады. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қолданысқа енді. Еліміз Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне қабылданды. 2024 жылы қазақ тазысы халықаралық деңгейде алдын ала мойындалды. Қазақстан осы тұқымның шыққан жері ретінде ресми түрде бекітілді», – дейді Н.Жүсіп.

Оның сөзінше, қазақы тазыны сақтау ісі жаңа деңгейге көтерілді. Қазір қазақы тазының тұқымын сақтау, санын көбейту және халықаралық деңгейде насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Бүгінде құмай тазыларымыз әлемдік ірі көрмелерде жүлделі орындар алып жүр. Асыл тұқымды итті көбейту қарқын алып, тазы асыраушылар қатары артып келеді. Қазақы ит тұқымдары ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын. 

Тарихи мұрамыз бен ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеу, табиғатты аялау – Ата заңымызда құндылықтар ретінде айқындалған.

Қазақ тазысы күнін атап өту – бірегей мұрамызды әлемге дәріптеуге септігін тигізетін маңызды қадам.

Тазы – қазақтың байырғы ит тұқымы, халқымыздың ұлттық мақтанышы әрі мәдени-тарихи құндылығы. Олардың тарихы халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, көшпелі өмір салтымен және дәстүрлі шаруашылығымен ғасырлар бойы сабақтасып келеді. 

Қазақы тазыны сақтау – тек асыл тұқымды иттерді қорғау ғана емес, ұлттық тарихымызды, дәстүрлі өмір салтымызды және ата-бабадан жеткен мәдени мұрамызды сақтау. Бүгінде олардың тұқымдық қасиеттерін сақтап, санын көбейту және келер ұрпаққа жеткізу бағытында мемлекеттік деңгейде жұмыстар жүргізілуде. 

 Ұлттық мұрамызды ұлықтап, бабадан қалған асыл тұқымдарды көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Дәл осы күндері «Желден де жүйрік — тазы» деген атпен қазақы тазы күніне орай Бельгия астанасы Брюссель қаласында «Желден де жүйрік — тазы» атты фотокөрме өтіп жатыр. 

Бұған дейін осындай фотокөрмелер Финляндия, Түркия және Эстония мемлекеттерінде ұйымдастырылған. Мұндай іс-шаралар қазақы тазыны халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға және оның ұлттық құндылық ретіндегі маңызын танытуға ықпал етеді.

Ежелгі ит тұқымдары тазы санының азаюы, өзге тұқымдармен араласу үдерісінің орын алуына деген еліміздегі алаңдаушылық «Құтжол», «Жеті қазына», «Байқұтан» сияқты кәсіби ит өсірушілер ұйымын құруға негіз қалады. «ҚР Кинологтар одағы» тазының ортақ базасын жасап жатыр. Ғалымдар арасында археология, этнография, зоология, генетика, кинология ғылымдарын біріктірген «иттану»ғылым бағыты қалыптасып келеді. Міне, осындай жүйелі жұмысты тұрақты жалғастыру аса маңызды», – дейді ол.