Алматыда есірткі сақтады деген күдікпен шетел азаматы ұсталды

Бүгін, 07:04 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Алматыда түнгі рейд барысында есірткі затын заңсыз сақтады деген күдікпен Өзбекстан азаматы ұсталды.

Түнгі сағат 23:00 шамасында «Буран-239» патрульдік экипажы Жамбыл және Нұрмақов көшелерінің қиылысында Chevrolet Cobalt автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде жүргізушінің көлік басқару құқығын растайтын жүргізуші куәлігі болмағаны анықталды.

Одан әрі жүргізілген жеке тінту барысында ер адамның жанынан ұнтақ тәрізді зат салынған орам табылған. Ұсталған азаматтың айтуынша, бұл синтетикалық есірткі және оны жеке пайдалану үшін сақтаған.

Оқиға орнына Алмалы аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.

Қазіргі уақытта тәркіленген заттың құрамы мен шығу тегі анықталып, күдіктінің есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.