Павлодарда кәріз құдығына түскен алты адам газға уланып қалған

2 қыркүйек, 2026 / Жамбыл Жайлау
angeluisma/Getty Images

Павлодар облысындағы Жоламан ауылында кәріз құдығына түскен алты адамның неден қаза болғаны белгілі болды. Үкіметтік комиссияның қорытындысына сәйкес, жұмысшылар күкірт сутегінен уланған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеру барысында азаматтардың жер асты құдығына арнайы қорғаныш құралдарынсыз түскені анықталған.

"Үкіметтік комиссияның қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз деп танылды. Материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Тергеу комиссиясының қорытындысы бойынша жұмысшылар күкірт сутегінен уланған", – деді Павлодар облыстық еңбек басқармасы басшысының орынбасары Абылай Сабыров.

Қайғылы жағдай 20 шілдеде Жоламан ауылындағы сүт фермасында болған. Кәріз құдығына түскен адамға көмек көрсету кезінде алты азамат қаза тапты.

Марқұмдардың арасында бір отбасының үш мүшесі болған. Әкесі екі баласымен бірге көз жұмды. Олардың біреуі – 17 жастағы жасөспірім.

Оқиғаға байланысты сүт фермасының екі қызметкері мен компания құрылтайшысы Александр Тереньтев күдікті ретінде қамауға алынған.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Тэгтер:

Павлодар