Эстония парламенті – Рийгикогу әділет канцлері Юлле Мадизені ел президенті етіп сайлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жасырын дауыс беру барысында оның кандидатурасын 71 депутат қолдады. Президент болып сайлану үшін кемінде 68 дауыс қажет болған.
51 жастағы Юлле Мадизе – заңгер. Ол бұған дейін Әділет министрлігінде, Рийгикогудың Конституциялық комиссиясында, Мемлекеттік бақылау басқармасында және президенттің заң жөніндегі кеңесшісі қызметтерінде еңбек еткен.
2015 жылдан бері ол Эстонияның әділет канцлері қызметін атқарып келеді. 2021 жылдың соңында бұл лауазымға екінші мерзімге қайта сайланған.
Юлле Мадизенің кандидатурасын Рийгикогудың 75 депутаты ұсынған. Олардың арасында Реформалар партиясы, Eesti 200, Isamaa, Социал-демократиялық партия өкілдері және фракцияға кірмейтін депутаттар бар.
Жаңа президент 12 қазанда Рийгикогу алдында Эстония халқына ант береді. Осыдан кейін ол ресми түрде қызметіне кіріседі.
Юлле Мадизе Эстония тарихындағы екінші әйел президент атанды.