Қытайда 100 мың доллар тұратын "ұшатын кілем" таныстырылды

Бүгін, 20:37 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Қытайлық CoolFly компаниясы сыртқы көрінісі "ұшатын кілемге" ұқсайтын Urban атты жеке әуе аппаратын таныстырды. Ерекше құрылғыда пилот кабинада немесе орындықта отырмайды – платформа үстінде тік тұрып ұшады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Urban электр қозғалтқыштарының көмегімен тік көтеріліп, тік қона алады. Өндірушінің мәліметінше, аппарат шамамен 90 келіге дейін салмақ көтеруге есептелген.

Құрылғының ең жоғары жылдамдығы сағатына 70 шақырымға жетеді. Бір рет қуатталған кезде ауада шамамен 11 минутқа дейін ұша алады.

Аппаратты басқару жүйесі де дәстүрлі ұшу құралдарынан өзгеше. Пилотқа күрделі басқару тетіктерін меңгерудің қажеті жоқ. Urban адамның дене қимылы мен қалпына қарай әрекет етеді, ал электронды жүйе платформаның ауадағы тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Компания өкілдері аппаратты адаммен бірге сынақтан өткізіп үлгерген. Алдағы уақытта оны тұтынушыларға жеткізу жоспарланып отыр.

Urban-ның болжамды бағасы шамамен 100 мың долларды құрайды. Алғашқы тапсырыстарды 2027 жылдан бастап жеткізу көзделген.

Әзірлеушілер құрылғыны тек ойын-сауық құралы ретінде емес, туризмде, әуе мобильділігінде және арнайы міндеттерді орындауда қолдануға болатын аппарат ретінде қарастырып отыр.

Сыртқы бейнесіне байланысты оны "ұшатын кілем" деп атағанымен, техникалық тұрғыдан Urban – тік ұшып-қонатын шағын электрлі пилоттық әуе аппараты.

Тэгтер:

Қытай Ұшақ Кілем