Петропавлда полиция қызметкерлері техникалық қызмет көрсету станциясының жұмысына байланысты бірқатар алаяқтық дерегіне қатысы бар күдіктіні анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, өткен жылдың тамыз айынан бастап азаматтар аталған автосервиске жүгініп, көлік қосалқы бөлшектерін сатып алуға және жөндеу жұмыстарына ақы төлеген. Алайда бірқатар клиенттің алдындағы міндеттемелер орындалмаған немесе қызмет тиісті деңгейде көрсетілмеген.
Келтірілген залал көп жағдайда жүздеген мың теңгені құраған. Ал бір дерек бойынша шығын көлемі 1,5 миллион теңгеден асқан.
Автокөлік иелері ұзақ уақыт бойы мәселені қызмет көрсетушімен өзара келісім арқылы шешуге болады деп есептеп, полицияға жүгінбеген. СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілдері келіп түскен арыздарды салыстыра келе, алаяқтық әрекеттердің жүйелі сипат алғанын анықтаған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында станция жұмысына іс жүзінде 26 жастағы қала тұрғыны басшылық жасағаны белгілі болды. Ал ресми құжаттарда оның директоры ретінде басқа адам көрсетілген.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Бірнеше рет жасалған алаяқтық деректері бойынша қозғалған қылмыстық іс 37 эпизодтан тұрады. Полиция қызметкерлері жәбірленушілердің нақты санын және істің барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу жалғасуда.
Криминалдық полиция басқармасы азаматтарды осындай алаяқтық схемаларының құрбаны болмау үшін сақтық шараларын сақтауға шақырады. Қызмет көрсету кезінде міндетті түрде шарт жасап, фискалдық чекті, сондай-ақ қосалқы бөлшектерді қабылдау-тапсыру актілерін талап ету қажет. Қызметкерлердің жеке банк карталарына ірі көлемде ақша аудармаған жөн. Төлемді касса арқылы немесе компанияның ресми есепшотына жасаған қауіпсіз. Егер шарт талаптарын орындау созбалаңға салынып, қызмет көрсетуші байланысқа шығудан жалтарса, уақыт жоғалтпай полицияға жүгіну қажет.