«Таза Қазақстан»: Абай облысында 9 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Бүгін, 15:25 / Алуа Арман
polisia.kz

Абай облысында аумақтардың санитариялық жағдайын жақсартуға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы жүйелі түрде жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері санитариялық тазалық пен абаттандыру қағидаларын бұзу деректерін анықтау және олардың жолын кесу мақсатында профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 9151 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 786 дерегі және елдімекендерді абаттандыру қағидаларын бұзудың 8365 фактісі анықталды.

Құқық бұзушылықтардың алдын алуда жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары да маңызды рөл атқаруда. Камералар арқылы қоғамдық орындардағы санитариялық жағдай мен тәртіп тұрақты бақылауда болады.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Тэгтер:

Абай облысы Таза Қазақстан