58 млн доллар: Apple-дың жаңа басшысы Тим Кукке қарағанда көбірек жалақы алды

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат

Apple компаниясының жаңа бас директоры Джон Тернус қызметіне кіріскен алғашқы күні-ақ бұрынғы басшы Тим Кукке қарағанда жоғары сыйақы пакетін алды. 2027 қаржы жылында Тернустың мақсатты сыйақысы 58 млн доллар болмақ. Ал компанияның атқарушы төрағасы қызметіне ауысқан Тим Кукке 47 млн доллар қарастырылған, деп хабарлайды turkystan.kz MacRumors-ке сілтеме жасап.

Алайда Тернус бұл соманың барлығын қолма-қол ақша түрінде алмайды. Оның жылдық негізгі жалақысы – 3 млн доллар. Қалған 55 млн доллар Apple акциялары түрінде беріледі. Акциялардың 75 пайызы компанияның қор нарығындағы нәтижесіне, нақтырақ айтқанда, Apple акционерлерінің табысы S&P 500 құрамындағы өзге компаниялармен салыстырғанда қаншалықты жоғары болатынына байланысты.

Қалған 25 пайызы төрт жыл ішінде кезең-кезеңімен беріледі. Сонымен қатар Тернусқа 2026 қаржы жылының бас директор қызметіндегі уақыты үшін 2,5 млн доллар көлемінде қосымша акциялар пакеті тағайындалған.

Тим Кук жаңа қызметінде жылына 2 млн доллар жалақы және 45 млн доллардың акцияларын алады. Оның акциялар пакетінің жартысы Apple-дың нарықтағы көрсеткіштеріне байланысты болса, қалған бөлігі төрт жыл ішінде беріледі. Apple-дың АҚШ Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясына тапсырған құжаты

Бұл есепке компания нәтижесіне қарай төленетін ақшалай бонустар кірмеген. Сондықтан екі басшының да нақты табысы бұдан жоғары немесе төмен болуы мүмкін. Мәселен, Тим Кук 2025 жылы жалақысы, акциялары және бонустарын қоса есептегенде 74,3 млн доллар алған.