Жапония артық жұмыс істемеу туралы заңның күшін жойды

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

1 қыркүйектен бастап Жапонияның еңбек инспекциялары компаниялардан үстеме жұмыс уақытын міндетті түрде айына 45 сағаттан асырмауды талап етпейді. Енді тексеру кезінде жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы келісімдер және еңбеккерлердің денсаулығын қорғау шаралары ескеріледі, деп хабарлайды turkystan.kz japantimes.co.jp-ға сілтеме жасап.

Алайда заңда белгіленген шектеулер өзгерген жоқ. Үстеме жұмыстың негізгі шегі бұрынғыдай айына 45 және жылына 360 сағат болып қала береді. Ерекше жағдайларда жұмыс беруші мен қызметкерлер арнайы келісім жасаса, үстеме жұмыс бір айда 100 сағатқа жуықтауы мүмкін. Бірақ оның көлемі жылына 720 сағаттан аспауға тиіс. Сонымен қатар екі айдан алты айға дейінгі кезеңдегі орташа көрсеткіш айына 80 сағаттан жоғары болмауы керек. Ал 45 сағаттық шектен жылына алты айдан артық асыруға рұқсат етілмейді. Жапонияның Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі

Егер 100 сағатты 20 жұмыс күніне бөлсек, бұл күн сайын шамамен бес сағат қосымша жұмыс істеумен тең. Дегенмен заң мұндай кестемен жыл бойы жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді.

Бұл өзгеріс жұмыс күші тапшылығына және маусымдық жүктеменің артуына тап болған кәсіпкерлердің өтінішінен кейін қабылданды. Ал кәсіподақтар мен шамадан тыс еңбектен көз жұмғандардың отбасылары шешімді сынға алды. 2025 қаржы жылында жұмыстан туындаған аурулар мен өлім жағдайларына байланысты өтемақы сұраған өтініштер саны рекордтық 6212-ге жеткен.

Жапония билігі жаңа тәртіп үстеме жұмысты ынталандырмайтынын мәлімдеді. Инспекторлар компаниялардың қызметкерлерге ауысым арасында жеткілікті демалыс беруін, медициналық тексеру ұйымдастыруын және денсаулықты қорғаудың өзге де шараларын сақтауын бақылауды жалғастырады. Алайда сарапшылар ұжымдық тәртіп пен басшылыққа бағыныштылық жоғары бағаланатын жапондық корпоративтік мәдениет жағдайында қызметкерлердің қосымша жұмыс істеуді қаншалықты ерікті түрде таңдай алатынына күмән келтіреді.

Тэгтер:

жапония артық жұмыс