Жамбыл облысында шенеуніктер кәсіпкерлерге 300 млн теңге төлемеген

Бүгін, 14:20 / Алуа Арман
istockphoto.com

Талас ауданының прокуратурасы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына талдау жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

2024–2025 жылдары аудандық көпбейінді орталық аурухана 306 кәсіпкерлік субъектісімен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасағаны анықталды.

Бұл ретте, кәсіпкерлер шарттық міндеттемелерді тиісінше орындағанына қарамастан, жеткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтер үшін уақтылы қаражат төлемеу фактілеріне жол берілген.

Мысалы, 2025 жылғы 14 қазанда орталық аурухана жеке кәсіпкермен 1,8 млн теңгеге тауар жеткізуге шарт жасаған.

Кәсіпкер міндеттемелерді толық көлемде орындап, бұл қабылдау-тапсыру актісімен расталған. Алайда жеткізілген тауар үшін белгіленген мерзімде төлем жүргізілмеген.

Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша бұзушылықтар жойылды.

Қазіргі таңда 306 кәсіпкерлік субъектісі алдындағы жалпы сомасы 300 млн теңге берешекті өтеу қамтамасыз етілді. Қалған берешекті өтеу белгіленген төлем кестесіне сәйкес жүзеге асырылуда.  

Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында.

 

Тэгтер:

Шенеунік кәсіпкер Жамбыл облысы Талас ауданы