Қызмет бабында қаза тапқан әріптестерінің балаларын 1-сыныпқа ертіп барған полицейлер көпті елжіретті (ВИДЕО)

Бүгін, 12:23 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

1 қыркүйек – Білім күнінде полиция қызметкерлері қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әріптестерінің 1-сынып оқитын балаларын мектепке ертіп апарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

ІІМ мәліметінше, Тәуелсіздік жылдары 800-ден астам тәртіп сақшысы ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында қаза тапты.

Олардың ерлігі ел жадында мәңгі сақталады. Ал батырлардың отбасылары мен балалары әрдайым Ішкі істер министрлігінің назарында.

Бұл көрініс желі қолданушыларының ыстық ықыласына ие болып, көпшілік тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.

«Көзіме еріксіз жас келді. Бұл балалар да әкелерінің махаббатына бөленіп өсуге құқылы еді. Бірақ әкелері елге қызмет ету кезінде өмірден өтті», «Әкелерінің көрмеген жетістігіне балалары жетсін. Жарайсыздар!», «Асқар тау әкенің орнын толтыра алмаса да, бір сәттік қуаныш сыйлағанға не жетсін!», «Қарбаласқа толы жұмыстан уақыт тауып көңіл бөлген жарайсыздар. Көзге жас алмау мүмкін емес», «Қандай керемет! Балапандардың көздерін жәудіретпей, асқар тау әкелерін жоқтатпай келгендеріңізге мың алғыс», – деді желі қолданушылары