Мемлекет басшысы: Көлік және логистика саласын дамыту – Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің стратегиялық бағыты

Бүгін, 12:00 / Алуа Арман
istockphoto.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының беделді «Синьхуа» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Астана Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға әзір екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда жаңа рекордтық көрсеткішке жеткеніне тоқталды. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр. Тағы бір стратегиялық бағыт – көлік және логистика. Қазақстан – Шығыс пен Батысты тоғыстырып жатқан өңір.

«Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз», – деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасында ықпалдастықтың жаңа белесі басталғанын, бүгінде ынтымақтастық нақты сектордағы дәстүрлі бағыттардан бастап, цифрлық экономика саласындағы серіктестікке дейінгі кең ауқымды қамтитынын жеткізді.

«Бір белдеу, бір жол» мегажобасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын ілгерілету, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының мүлде жаңа жүйесін қалыптастырып келеді», – деді ол.

 

Тэгтер:

Қытай Транскаспий логистика