Тарихи тұрғыдан алғанда, жаңа Құрылтайдың қалыптасуын 2019 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жаңғыру бағытының заңды жалғасы ретінде қарастыруға болады. Оның өзегінде «халық үніне құлақ асатын мемлекет», қоғамдық сұранысты ескеру және азамат пен билік арасындағы байланысты күшейту қағидаттары тұр. Жаңа Конституцияның қабылдануы осы саяси эволюцияны жаңа институционалдық деңгейге көтеріп, жаңа саяси архитектураның негізін қалады. Ал Құрылтай сайлауы осы архитектураны іске асыратын маңызды саяси механизмге айналды.
Осы сабақтастық саяси ұрандармен ғана шектелмейді. Ол Құрылтайдың заң шығару тәжірибесінде, ашықтығында, азаматтардың заңнамалық үдеріске қатысу мүмкіндігін кеңейтуде және депутаттық жауапкершілікті күшейтуде көрініс табады.
Қазақстанның парламенттік тәжірибесі де саяси өкілдік моделінің үнемі өзгеріп отырғанын көрсетеді. 1996–1999 жылдардағы бірінші Мәжіліс сайланымында 11 партияның 9-ы өкілдік алса, 2004–2007 жылдардағы үшінші сайланымда 12 партияның 5-еуі, ал 2023–2026 жылдардағы сегізінші сайланымда 7 партияның 6-ы Мәжіліске өтті. 2026 жылғы Құрылтай сайлауында бес саяси күштің өкілдік алуы – осы эволюцияның жаңа кезеңі.
Дегенмен саяси плюрализм нақты саяси бәсеке идеялардың айырмашылығынан, заңнамалық баламалардың болуынан, Үкімет саясатына кәсіби сараптама жасаудан және азамат мүддесін қорғаудың нақты нәтижесінен байқалады. Сондықтан жаңа Құрылтайдың басты сынағы ретінде менің ойымша, сандық өкілдікті сапалық саясатқа айналдыру болып отыр.
Бұл, ең алдымен, жаңа саяси элитаның қалыптасуына қатысты. Саяси жаңару тұлғалардың ауысуымен бірге жаңа саяси мәдениетті орнықтыруға жол ашты. Оның негізгі өлшемдері енді кәсібилік, саяси бәсекені қабылдау, есептілік және саяси этикамен толығады.
Құрылтайдың тарихи миссиясы – жаңа саяси мәдениетті институционалдандыру. Яғни пікір алуандығын саяси текетіреске айналдырмай талқылау, қоғамдық сұранысты заңнамалық шешімге айналдыру, билік пен қоғам арасындағы кері байланысты қамтамасыз ету және қабылданған шешім үшін жауапкершілік ала білуінде.
Президенттің 2019 жылдан бері ұсынған саяси бағытының ішкі логикасы да осыдан көрінеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – қоғаммен кері байланысты күшейтті, «Әділетті Қазақстан» – институттарды жаңартуға және әділет қағидатын орнықтыруға бағытталды, «Адал азамат» – азаматтық жауапкершілікті алдыңғы орынға шығарды, «Озық ойлы ұлт» – білім, ғылым, технология мен жаңа ойлау мәдениетін дамудың негізгі ресурсына айналдыруды көздеді. Ал «Жеңімпаз ұлт» осы құндылықтарды нақты нәтижеге айналдыру міндетін алға шығарады.
Демек, Құрылтайдың алдында енді мемлекеттік саясатты нақты нәтижеге айналдыратын институционалдық жұмыс кезеңі тұр десек болады. Оның тиімділігін бес негізгі бағытпен жинақтасақ:
Біріншісі – заң сапасы. Қоғамдық сұранысты сапалы заңнамалық шешімге айналдыру. Заңның нәтижесі қоғамға нақты әсерімен өлшенуі тиіс: бала цифрлық қауіптен қорғалды ма, кәсіпкердің шығыны азайды ма, азаматтың табысы мен өмір сапасы жақсарды ма, өңірлік мәселе шешілді ме? деген сауалдар сынды мәселелер төңірегінде анықталуы маңызды.Осыдан заңнамалық әсерді бағалау мәдениеті қалыптасады.
Екіншісі – парламенттік бақылау функциясы. Парламенттік бақылау Үкіметті сынаумен шектелмей, мемлекеттік саясаттың нәтижелілігін бағалауға бағытталуы өзекті. Бюджеттің орындалуы, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың нәтижесі, өңірлік даму, мемлекеттік сатып алу және әлеуметтік міндеттемелер жүйелі бақылаудың нысанына айналды. Яғни мемлекет халықты тыңдайды, Құрылтай халық талабын заңнамалық шешімге айналдырады, ал атқарушы билік сол шешімнің орындалуына есеп береді.
Үшіншісі – өкілдік қызметі. Бес партияның болуы қоғамдық пікір алуандығын институционалдық деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді. Құрылтай депутаты – өңірдің тұрақты қоғамдық-саяси өкілі. Орталықта қабылданған шешімнің нақты нәтижесі облыс орталығында, аудан мен ауылда сезілуі осы өңірлік саясаттың басты өлшемі емес пе?
Төртіншісі – цифрлық және ғылыми даму. Құрылтай құрамында Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің құрылуы – жаңа саяси архитектураның уақыт талабына бейімделуінің маңызды белгісі.
Бесіншісі – халықтың өмір сапасының жақсаруы. Құрылтай жұмысының түпкі өлшемі – азаматтың күнделікті өміріндегі өзгеріс. Білімнің сапасы, ғылымның дамуы, денсаулық сақтау, жастардың мүмкіндігі, жұмыспен қамту, мәдениет, әлеуметтік қорғау, демография, экология және өңірлердің дамуы – барлығы адам өмірінің сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл мәселелер әлеуметтік саланың жекелеген бағыттары ретінде емес, елдің ұзақ мерзімді дамуының негізгі көрсеткіштері ретінде қалыптасады.
Осы бес бағыт Құрылтай жұмысының ортақ мақсатын айқындайды. Ол қоғамның сұранысын сапалы заңға айналдырудан бастап, мемлекеттік шешімдердің орындалуын бақылауға, азаматтардың мүддесін білдіруге, ғылым мен технологияны дамытуға және ең бастысы, халықтың өмір сапасын жақсартуға дейінгі тұтас жүйені қамтиды.
Түптеп келгенде, Құрылтайдың тарихи маңызын оның құрамымен ғана емес, халықтың күнделікті өміріне нақты өзгеріс әкелетін шешімдерімен бағалау қажет деп білемін.
Нұрбек ПҰСЫРМАНОВ,
PhD, қауымдастырылған профессор
Мемлекет тарихы институтының директоры