Некені ұзарту қажеттігі туралы жалған хабарлама тарап жатыр

Бүгін, 08:20 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Әлеуметтік желіде некені ұзарту қажеттігі туралы алаяқтық сипаттағы жалған хабарлама таралып жатыр, деп хабарлады Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли.

Оның айтуынша, Қазақстанның неке-отбасы заңнамасына сәйкес, неке бір рет тіркеледі және оның белгіленген қолданылу мерзімі жоқ. Сондықтан некені қайта тіркеу немесе оның мерзімін ұзарту қажет емес.

"Неке ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің өтініші бойынша бұзылуы мүмкін. Сондай-ақ заңда көзделген басқа жағдайларда да неке тоқтатылады. Неке тек тіркеуші орган арқылы немесе сот тәртібімен бұзылады", - деп түсіндірді Талғат Уәли.

Осыған байланысты Әділет министрлігі азаматтарды мұндай хабарламаларға сенбеуге, олардағы сілтемелерге өтпеуге және жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырды.