Жетісу облысындағы Сарыөзек – Көктал автожолында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан алты адам қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Апат автожолдың 110-шақырымында болған. Жол апатына екі Chevrolet Cobalt көлігі қатысқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, көліктердің бірінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Сол жерде ол қарсы бағытта келе жатқан көлікпен соқтығысқан.
Апат салдарынан алты адам оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір адам түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді.
— Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады өңірлік полиция департаменті.
Құқық қорғау органдары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдықты асырмауға және көлік жүргізу кезінде жол мен ауа райы жағдайларын ескеруге шақырды.