Астанада Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қызметтік ит арқылы жоғалған баланы табуға көмектесті. 30 тамыз күні кешке Сәтбаев көшесінде аутизм диагнозы бар қыз бала жоғалып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бала жоғалуы туралы хабарлама бірнеше сағаттан кейін тарайды. Іздестіру операциясына 5573 әскери бөлімінің кинологиялық тобының аға маман-нұсқаушысы ефрейтор Достық Жақсылық та қосылды. Әскери қызметші бұл тапсырмаға Хайзи есімді қызметтік итін жұмылдырады.
Ит қыздың соңғы тұрған жерінен із алып, шамамен бір шақырымнан кейін-ақ тапқан. Қыз анасына аман-есен табысталды.
Бұл ефрейтор Достық Жақсылықтың адамдарға көмек көрсеткен алғашқы оқиғасы емес. Бұған дейін де, 2024 жылы қызметтен шығып үйіне қайтып бара жатқанда, "Сарқырама" көпірінде қоршаудың сыртында өтіп секіргелі тұрған адамды байқап қалады.
Ақырын жақындап барып онымен сөйлесіп, тыныштандыруға және алаңдатуға тырысады. Дәл осы сәтте кездейсоқ өтіп бара жатқан адаммен бірге Достық шапшаң әрекет етіп, ер адамды қоршау ішіне қайтарып алған.
– Мұндай сәттерде ұзақ ойлануға уақыт жоқ, жылдам әрекет ету керек. Егер жақын жерде көмекке мұқтаж адам болса, бей-жай қалмау керек, – дейді ефрейтор Жақсылық.
Айта кету керек, бүгінде елордалық бригадада әскери қызметшілермен бірге 30-дан астам қызметтік ит қызмет атқарады. Оларды дайындау үшін күнделікті жаттығулар, физикалық төзімділік және кинологтың төрт аяқты серіктесімен үнемі өзара әрекеттесуі өте маңызды. Астанадағы кезекті жағдай мұндай үйлесімді жұмыстың адам іздеуде қаншалықты маңызды рөл атқара алатынын көрсетті.