Жаннат Қатарбаева Балқашта 21 шақырым жүзіп өткен алғашқы қазақ әйелі атанды

Бүгін, 15:59 / Інжу Әлихан
Маңғыстау облысы ҚКО

Балқаш көлінде өткен халықаралық Oceanman Ultra Oceanman жарысында маңғыстаулық Жаннат Қатарбаева 21 шақырымдық ультра қашықтықты жүзіп өтіп, осы нәтижеге қол жеткізген алғашқы қазақ әйелі атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, Жаннат Қатарбаева – Жаңаөзен қаласының тумасы, заңгер мамандығы бойынша еңбек етеді. Қазіргі таңда Астана қаласында тұрып, Digital Silk Road Company компаниясында заңгер болып жұмыс істейді.

Жүзумен ол алты жылдан бері айналысып келеді. Бапкері Дмитрий Деревянконың жетекшілігімен тұрақты жаттығып жүрген спортшы осы уақыт ішінде Қазақстанның түрлі су айдындарында өткен жарыстарда 8 және 10 шақырымдық қашықтықтарды жүзіп өтіп, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған. Сонымен қатар Италиядағы Орта көлінде 14 шақырымдық ашық су қашықтығын бағындырған.

2026 жылы Балқашта өткен Ultra Oceanman жарысы Қазақстандағы ашық суда жүзу спорты тарихындағы алғашқы ультра ұзақ қашықтықтағы халықаралық жарыс болды. Осы жарыста Жаннат Қатарбаева Балқаш көлінде 21 шақырымдық қашықтықты жүзіп өткен алғашқы қазақ әйелі ретінде ел тарихына енді.

Жаннат Қатарбаеваның айтуынша, бұл жетістік әйелдердің жасына қарамастан спортпен айналысып, жаңа мақсаттарға қол жеткізе алатынын көрсетеді. Ол өзінің спорттағы жолы арқылы әйелдерді белсенді өмір салтын ұстануға және өз мүмкіндіктеріне сенуге үндейді.

Осылайша, маңғыстаулық спортшының тарихи жетістігі Қазақстандағы ашық суда жүзу спортының дамуына қосылған маңызды жетістік ретінде бағаланып отыр.715:42