Бішкектегі Кемел Тоқаев атындағы мектеп туралы не білеміз?

Бүгін, 12:53 / Дана Ізтілеуова
Фото: President.kg

Бішкектегі ең көне оқу орындарының бірі саналатын №33 мектеп-гимназиясы – жай ғана білім ордасы емес, Қазақстан мен Қырғызстанды байланыстыратын тарихи әрі рухани маңызы зор орын, деп хабарлайды turkystan.kz.

1940 жылы іргетасы қаланған білім беру мекемесі Ұлы Отан соғысы жылдары мектеп ғимараты мотоатқыштар училищесі әрі әскери госпиталь ретінде пайдаланылды. Училище түлектерінің арасында соғысқа қатысқан азаматтар, соның ішінде Отан соғысы ордендерінің I және II дәрежелі кавалері, жазушы Кемел Тоқаев та болды. Дәл осы жерден ол майданға аттанған болатын.

Аталған оқу орнында Кемел Тоқаевтан бөлек, Самибек Игембердиев, Василий Петрищев, Сергей Извеков, Анатолий Писаренко, Рахымжан Қошқарбаев және басқа да Ұлы Отан соғысының батырлары дәріс алған.

1947 жылғы 1 қыркүйекте мектеп өз жұмысын қайта бастады. 2012 жылы оған «мектеп-гимназия» мәртебесі берілді.

2025 жылғы мамырда Президент Садыр Жапаровтың бастамасымен мектеп-гимназияға Кемел Тоқаевтың есімі берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр тамызда Қырзғызстанға сапары барысында Садыр Жапаровпен бірге аталған мектеп-гимназияны бірге аралап көрген-тін. Президент атынан мектепке арнайы автобус сыйға тартылды. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы сөз» кітабының қырғыз тіліндегі нұсқасы таныстырылды. Бұдан бөлек, мектеп түлектеріне Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде үш гранттық орын бөлінетіні белгілі болды. Мемлекет басшысы білім ордасының ұстаздарымен және оқушыларымен әңгімелесті.

Тарихы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тығыз байланысты мектепте батырлар есімі ұлықталып, олардың ерлігі кейінгі ұрпаққа насихатталып келеді. 

Былтыр мектеп аумағында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Даңқ аллеясы» капсуласын салтанатты түрде салу рәсімі өтті. Іс-шара шеңберінде мектеп қабырғасында тәрбиеленген Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгерлерінің құрметіне қарағай ағаштары отырғызылып, мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама өтті.

Бүгінде мектепте осы тарихи кезеңді дәріптейтін «Жауынгерлік даңқ бұрышы» бар. Онда мектеп ғимаратының әскери училище болған кезеңі және осы жерден майданға аттанған жауынгерлер туралы мәліметтер жинақталған.

Қырғызстан Президенті әкімшілігінің мәліметінше, Бүгінде №33 мектеп-гимназия Бішкек қаласындағы үздік он білім беру мекемесінің қатарына кіреді.