Оңтүстік Корея бүкіл ел халқы отандық генеративті жасанды интеллект сервистерін ақысыз және пайдалану лимитінсіз қолдана алатын мемлекеттік жоба әзірлеп жатыр. Бағдарламаның толық нұсқасын 2026 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған, деп хабарлайды turkystan.kz WSJ-ға сілтеме жасап.
«Барлығына арналған ЖИ» деп аталатын жобаға SK Telecom, Kakao және KT компаниялары бастаған үш консорциум таңдалды. Олар отандық тілдік модельдер негізінде жеке ЖИ сервистерін әзірлейді. Үкімет компаниялармен қыркүйекте келісім жасасып, содан кейін сынақ нұсқаларын іске қоспақ. Reuters мәліметінше, толыққанды қызмет жыл соңына дейін қолжетімді болуы керек.
Пайдаланушылар ЖИ-ге жіберілетін сұраулар саны мен токен көлеміне қойылатын шектеусіз жұмыс істей алады. Қазір әлемдегі танымал сервистердің тегін нұсқаларында мұндай лимит бар, ал кеңейтілген мүмкіндіктерді пайдалану үшін ай сайынғы жазылым қажет.
Жаңа платформалар тек сұрақтарға жауап беретін чат-ботпен шектелмейді. ЖИ мемлекеттік қызметтерді іздеуге, өтініш беруге, анықтама алуға, салық мәселелерін түсіндіруге, дәрігерге жазылуға және күнделікті басқа да тапсырмаларды орындауға көмектесетін агент ретінде жұмыс істейді.
SK Telecom сервисін мобильді қосымша мен сайттан бөлек, телефон және SMS арқылы да қолжетімді етуді жоспарлап отыр. Kakao өз жүйесін елде кең таралған KakaoTalk мессенджеріне енгізеді. KT ақпарат іздеу, тауар таңдау, тұрғын үй қарау және мемлекеттік қызметтерді пайдалану мүмкіндіктерін бір чатқа біріктірмек.
Жобаның басты мақсаты – Оңтүстік Кореяның америкалық және қытайлық ЖИ модельдеріне тәуелділігін азайту. Қатысушы компаниялар өз сервистерінде талапқа сай отандық базалық модельдерді кемінде 50 пайыз көлемінде қолдануға тиіс. Шетелдік модельдерді пайдалануға толық тыйым салынбайды, бірақ олардың жұмысына мемлекет қаржы бөлмейді.
Корея билігінің бағалауынша, елде генеративті ЖИ қолданатындар саны шамамен 23 миллионға жеткен. Олардың 20 миллионнан астамы негізінен шетелдік сервистердің тегін нұсқаларын пайдаланады. Үкімет отандық платформаларға шектеусіз қолжетімділік беру арқылы осы аудиторияның бір бөлігін жергілікті өнімдерге көшіргісі келеді.
Мемлекет үш консорциумға Nvidia компаниясының 512 дана B200 графикалық процессорын бөліп береді. 2027 жылдан бастап сервистердің жұмысын қамтамасыз етуге кететін шығындарды бюджеттен қаржыландыру жоспарланған. Бағдарламаның нақты құны әзірге жарияланған жоқ.
The Wall Street Journal бұл бастаманы генеративті ЖИ-ді қоғамдық инфрақұрылымға ұқсас қызмет ретінде бүкіл халыққа ұсынуға бағытталған әлемдегі алғашқы ірі мемлекеттік жоба деп сипаттады. Сондықтан «Корея тегін ЖИ-ді қазірдің өзінде тарата бастады» деу дұрыс емес: әзірге операторлар таңдалып, сервистерді әзірлеу және сынау кезеңі жүріп жатыр.