Қарағандыда 17 күзетші жалақысын сот арқылы өндіріп алды

Бүгін, 09:05 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қарағанды қаласының Ә.Бөкейхан атындағы аудандық сотына ЖШС-нің 17 күзетшісі жұмыс берушіге 2025 жылдың ақпан және наурыз айларындағы жалақы бойынша берешекті өндіріп алу туралы талап қоюмен жүгінген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жауапкер берешек тапсырыс берушінің көрсетілген қызметтер үшін төлем жасалмаған шартты біржақты бұзуына байланысты туындағанын түсіндірді.

Еңбек Кодексінің 23-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші үшінші тұлғалардың міндеттемелерді орындауына қарамастан жұмыскерлерге жалақыны уақтылы және толық көлемде төлеуге міндетті.

Сот талқылауы барысында талап қоюшылар өздерінің еңбек міндеттерін толық орындағаны анықталды.

Бұл ұсынылған дәлелдемелермен, оның ішінде күзетілетін объектілерде кезекшілік кестелерімен және тауарлық-материалдық құндылықтарды тіркеу журналдарымен расталды.

 Бұдан басқа, Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының заңды күшіне енген шешімімен ЖШС-нің шартты бұзған контрагентке деген талап қоюы қанағаттандырылды. Контрагенттен 10,8 млн теңге көлемінде берешек өндірілді.

 Істі қарау нәтижелері бойынша сот мәлімделген талап қоюлардың негізділігі туралы қорытындыға келді және талап қоюды толық көлемде қанағаттандырды.

ЖШС-тен барлық 17 жұмысшының пайдасына екі айдағы жалақы бойынша 3 млн теңгеден астам берешек өндірілді.

 Сот шешімі заңды күшіне енді.

Тэгтер:

жалақы Қарағанды күзетші