БАӘ-де көз жұмған апалы-сіңлі қазақстандықтардың денесі жер қойнына тапсырылды

Бүгін, 23:33 / Жамбыл Жайлау

Біріккен Араб Әмірліктерінде қайтыс болған апалы-сіңлі Ақжан мен Жұлдыз Боханованың денесі Қазақстанға жеткізіліп, Астанада жер қойнына тапсырылды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Марқұмдардың әкесі Мейрам Бохановтың айтуынша, қыздарының денесін елге әкелу үшін ДНҚ сараптамасы қажет болған. Ал мәйіттер оған бірден көрсетілмеген.

«Қыздардың денесін ДНК-мен ғана алғызды. Қыздарды маған көрсеткен жоқ. “Сот әлі біткен жоқ” деді. Елшіліктің жігіттері көмектесіп, түсіндіріп, денелерін елге жеткізуге бар күшін салды», – деді ол.

Әкесі Әмірлікке барған соң қыздарының мәйіті сақталған жерге барғанын және қолына олардың өліміне қатысты құжат берілгенін айтты.

Мейрам Боханов әлеуметтік желіде тараған кейбір ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Оның сөзінше, қыздардың әлдекімнің үшінші немесе төртінші әйелі болғаны туралы әңгімелер расталмаған. Сондай-ақ желіде тараған суреттегі ер адамның оқиғаға қатысы бар-жоғы да әзірге нақты анықталмаған.

«Желіде шығып жатқан ақпараттың барлығы өтірік. Ешқандай пышақ қолданылмаған. Қағаздарын көрдім. Қыздардың нақты қалай қайтыс болғанын әлі білмейміз. “Жүрегі тоқтаған” дейді. Оған не себеп болғаны белгісіз», – деді қыздардың әкесі.

КТК мәліметінше, Әмірлік тарапы күдіктінің ұсталғанын хабарлаған. Оның Қазақстан азаматы екені айтылады. Алайда іс бойынша түпкілікті қорытынды тергеу мен сот аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Марқұмдардың отбасы қыздардың денесін елге жеткізуге көмектескен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне, дипломатиялық өкілдік қызметкерлеріне және қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтты.

Қазір Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі елшілік арқылы, ал Біріккен Араб Әмірліктерінің құзырлы органдары өз тарапынан істің жан-жақты тергелуіне атсалысып жатыр.

Қаралы отбасы қыздарына қатысты расталмаған ақпарат пен түрлі қауесетті таратпауға шақырып, оқиғаның нақты мән-жайы ресми тергеу нәтижесінде анықталғанын күтетінін жеткізді.