Франкфурт әуежайының екі қызметкері безгек ауруынан қайтыс болды. Тағы төрт адам ем қабылдап жатыр. Германияның денсаулық сақтау органдары инфекцияны тасымалдаған масалар әуежайға ұшақ арқылы жетуі мүмкін деп болжап отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
BBC мәліметінше, әуежай аумағына арнайы маса тұзақтары орнатылған. Ұсталған жәндіктер зертханаға жіберіліп, олардың түрі мен қайдан келгені анықталмақ.
Fraport компаниясының өкілі қызметкерлердің бірінің инфекция салдарынан қайтыс болғанын растады. Компания әуежай қызметкерлеріне ауру белгілері байқалған жағдайда дәрігерге жүгінуге кеңес берген.
Жалпы алты ер адам инфекция жұқтырған. Олар әуежайдың әртүрлі бөлімдерінде жұмыс істеген. Қазір мамандар олардың бір ғана немесе бірнеше масадан жұқтырғанын анықтау үшін қан үлгілерін зерттеп жатыр.
Роберт Кох институтының дерегінше, алғашқы төрт жағдай 4-6 шілде аралығында тіркелген. Мамандар инфекция таратқан масалар ұшақпен келуі мүмкін деген нұсқаны қарастырып отыр. Алайда олардың қай елден келген рейспен жеткені әзірге жарияланған жоқ.
Институт мамандары Германияда безгек көбіне ауру кең таралған елдерден оралған адамдардан анықталатынын атап өтті. Ал инфекцияны тікелей әуежайда жұқтыру өте сирек кездеседі.
Мұндай жағдайда диагноз қою қиындай түседі. Себебі науқас шетелге шықпаған болса, дәрігерлер безгекті бірден күдіктене бермейді. Нәтижесінде ауру кеш анықталып, асқынуы мүмкін.
Франкфурт әуежайында бұған ұқсас "әуежайлық безгек" жағдайы 2023 жылы да тіркелген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, безгек – кейбір масалар арқылы жұғатын паразиттік ауру. Ол негізінен тропикалық өңірлерде кездеседі және адамнан адамға тікелей берілмейді. Аурудың алдын алуға әрі емдеуге болады, алайда кей жағдайда ол өмірге қауіп төндіруі мүмкін.