"Бұл сәттің келгенін түсінемін": Лионель Месси Аргентина құрамасындағы мансабын аяқтады

Бүгін, 21:32 / Жамбыл Жайлау
ELLIS / AFP via Getty Images)

Лионель Месси Аргентина ұлттық құрамасындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. 39 жастағы футболшы бұл шешімін 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Испаниядан жеңілгеннен кейін бір жарым ай өткен соң Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Финалдан бері біраз уақыт өтті. Ұзақ ойланғаннан кейін ұлттық құрамадан кететінімді баршаңызға айтқым келеді. Бұл шешімді қабылдау маған ауыр болды және әлі де ауыр тиіп отыр. Бірақ бұл сәттің келгенін түсінемін", – деп жазды Месси.

Аргентина құрамасының капитаны ұлттық команда сапында әрдайым бар күшін салғанын айтып, 20 жылдан астам уақыт бойы қолдау білдірген жанкүйерлеріне алғыс айтты.

"Аз ғана уақыт қалды, өмірдегі кезеңдер біртіндеп аяқталады. Ал бұл кезеңнің аяқталуы маған ерекше ауыр тиіп отыр. Мен ұлттық құрамада ойнағанды жақсы көрдім, қазір де жақсы көремін және әрдайым жақсы көретін боламын. Менің ішім босап қалғандай, енді берерім қалмады. Оның үстіне артымыздан өте мықты жігіттер келе жатыр. Олар бұл жерде болуға лайық", – деді футболшы.

Месси енді ұлттық құраманы жанкүйер ретінде қолдайтынын айтты.

"Сіздердің дауыстарыңызды алаңның ішінде тұрып естуді қатты сағынатын боламын. Енді мен де сіздердің біріңізбін. Команданы сырттан қолдаймын – жақсы күндерде де, әсіресе қиын сәттерде де", – деді ол.

Аргентиналық футболшы бұл үндеуін 21 шілдеде, әлем чемпионатының финалынан екі күн өткен соң жазғанын, алайда сол кезде жарияламағанын айтты. Оның сөзінше, әкесі Хорхе Мессидің қайтыс болуы бұл шешімге түпкілікті келуіне әсер еткен.

"Бұл сөздерді 21 шілдеде, финалдан екі күн өткен соң жаздым. Бүгін әкеммен болған жағдайдан кейін бұл шешімімнің дұрыс екеніне бұрынғыдан да анық көз жеткіздім", – деп қосты Месси.

Хорхе Месси 8 тамызда Росариода ұзаққа созылған сырқаттан кейін 68 жасында қайтыс болды.

Тэгтер:

Лионель Месси