Непалдағы мектеп директоры жүздеген баланы апаттан аман алып қалды

Бүгін, 20:38 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Непалдағы "Трибхуван Тришули" орта мектебінің директоры Раджендра Давади жойқын су тасқыны мектеп ғимаратына жетпей тұрып, оқушыларды қауіпсіз жерге эвакуациялап үлгерді. Оның айтуынша, сол сәтте мектепте болған барлық бала биік аумаққа шығарылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

47 жастағы директор болған жағдайды Republic World басылымының YouTube арнасына берген сұхбатында баяндады.

Оның сөзінше, сәрсенбі күні таңғы сағат 9:20 шамасында досы хабарласып, мұздықтың құлауынан кейін көрші ауылды су басқанын айтқан. Алғашында Давади мұны мектепке тікелей қауіп деп қабылдамаған. Себебі үш қабатты бетон ғимарат өзен деңгейінен шамамен 60 метр биікте орналасқан.

Алайда көп ұзамай қызметкерлердің бірі судың жылдам көтеріліп келе жатқанын хабарлаған. Осыдан кейін директор бірден оқушыларды эвакуациялау туралы шешім қабылдаған.

"Бәрі қас-қағым сәтте басталды. Мұғалімдердің бірі су жақындап қалғанын айтып, тезірек кету керектігін ескертті", – деді ол.

Давади мектеп қоңырауын соғып, мұғалімдерге балаларды сыныптардан шығаруды тапсырған. Сонымен қатар мектеп автобустарының жүргізушілеріне кері қайтып, ғимаратқа жақындамауды ескерткен.

Оқушылар жақын маңдағы биік төбеге көтеріліп, кейбірі үлкен бодхи ағашының маңын паналаған.

Оқиға кезінде мектепте негізінен жоғары сынып оқушылары болған. Бастауыш сынып оқушылары басқа ауысымда оқитындықтан, бұған дейін үйлеріне қайтып кеткен.

"Егер бұл жағдай күндізгі уақытта, кішкентай балалар сабақта отырған кезде болғанда, бәрі әлдеқайда қиын болар еді. Жоғары сынып оқушылары жылдам қозғалып, биік жерге шығып үлгерді", – деді директор.

Балаларды эвакуациялауға 20-дан астам мұғалім қатысқан. Дегенмен табиғи апат кезінде мектептің екі қызметкері хабар-ошарсыз кеткен.

Давадидің айтуынша, мұғалім Сантош Паудель отырған үйді тасқын шайып кеткен. Ғимарат толық қираған, ал ұстаз әлі табылмаған. Мектептің тағы бір қызметкерінен де хабар жоқ.

"Мен мектептен ең соңғы болып шықтым. Ғимараттың ішінде ешкім қалмағанына сенімдімін", – деді Раджендра Давади.

Жергілікті тұрғындар директордың әрекетін ерлікке балаған. Алайда оның өзі тек өз міндетін атқарғанын айтады.

Раджендра Давади осы мектепте 23 жылдан бері еңбек етеді. Былтыр директор қызметіне тағайындалған. Кезінде өзі де осы білім ордасында оқыған.

Қазір су тасқынынан қатты зардап шеккен мектепті қалпына келтіру мәселесі көтеріліп отыр. Директор билік пен халықаралық ұйымдардан көмек сұраған. Оның айтуынша, ең басты мақсат – балалардың оқуын қайта жалғастыруына жағдай жасау.

Тэгтер:

мектеп директор Непал