Түркістан облысында балалар кардиохирургиялық орталығы ашылды

Бүгін, 17:43 / Інжу Әлихан
Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында Өңірлік балалар кардиохирургиялық орталығы ашылды. Жаңа орталық балаларға жоғары мамандандырылған кардиохирургиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, жүрек-қан тамыры ауруларынан болатын нәресте өлімін төмендетуге және туа біткен жүрек ақаулары бар балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Түркістан және Ақтөбе облыстарында балалар кардиохирургиялық орталықтарын құру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 29 қаңтардағы №56 қаулысымен бекітілген «Қазақстан балалары» 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында көзделген.

Түркістан облысының 900 мыңнан астам тұрғыны - балалар. Өңірде жыл сайын 80 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Бір жасқа дейінгі балалар арасында жүрек пен қан айналымы жүйесінің туа біткен аномалияларымен сырқаттанушылық көрсеткіші 1 мың балаға шаққанда 35 жағдайды құрайды. Республика бойынша бұл көрсеткіш – 22,5.

2014 жылдан бері облыста туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға 3 433 операция жасалған. Балалар кардиохирургиясы бөлімшесінде жыл сайын 100-ден астам операция орындалады. Олардың 82%-ы жасанды қан айналымы аппаратын қолдану арқылы ашық жүрекке жасалса, 78%-ы бір жасқа дейінгі балаларға жүргізіледі. Сондай-ақ критикалық туа біткен жүрек ақауларымен дүниеге келген 26 нәрестеге ота жасалған.

Қазір бөлімше Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Бұған қоса, медициналық авиация арқылы Жамбыл және Қызылорда облыстарынан жеткізілген жаңа туған нәрестелерге операция жасау тәжірибесі қалыптасқан.

Орталықты ашу шеңберінде балалар кардиохирургиясы бөлімшесі кеңейтіліп, кардиожансақтау бөлімшесі мен ота залдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орталық заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, білікті мамандармен жасақталған.

Орталықтың негізгі міндеті – туа біткен жүрек ақаулары бар балаларға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету. Мұнда диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін енгізу, медицина қызметкерлерін оқыту және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ консультациялық көмек көрсету үшін телемедицина технологияларын дамыту жоспарланып отыр.

Орталықтың ашылуы:

балалар арасындағы жүрек-қан тамыры ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендетуге;

туа біткен жүрек ақауларын түзету бойынша операциялардың санын арттыруға;

балаларға қажетті көмекті тұрғылықты жеріне жақын маңайда көрсетуге;

туа біткен жүрек ақаулары бар балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.