Әлемде әрбір бесінші жас жұмыс та істемейді, оқу да оқымайды – зерттеу

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат

Әлемде 15-24 жас аралығындағы 257 миллионнан астам адам жұмыс істемейді, білім алмайды және кәсіби даярлықтан өтпейді. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, мұндай жастардың саны небәрі екі жыл ішінде 9 миллионға көбейген, деп хабарлайды turkystan.kz.

ХЕҰ жариялаған «Жастарды жұмыспен қамтудың жаһандық үрдістері – 2026» есебінде 2025 жылы NEET санатына кіретін жастардың үлесі 20 пайызға жеткені көрсетілген. 2023 жылы бұл көрсеткіш 19,7 пайыз болған. Демек, қазір әлемдегі әрбір бесінші жас еңбек нарығынан және білім беру жүйесінен тыс қалған.

NEET пен жұмыссыздық бір ұғым емес

NEET санатына жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіптік даярлықтан өтпейтін жастар кіреді. Олардың бір бөлігі жұмыс іздеп жүрсе, енді бірі денсаулығына, отбасылық міндеттеріне немесе өзге себептерге байланысты еңбек нарығына уақытша араласпайды.

Сондықтан 257 миллион жастың барлығын жұмыссыздар қатарына жатқызуға болмайды. ХЕҰ әдістемесінде жұмыссыз деп жұмысы жоқ, қызмет іздеп жүрген және оған кірісуге дайын адам танылады.

2025 жылы әлемдегі жұмыссыз жастардың саны 67 миллионды құрады. Олардың үлесі 2023 жылғы 12,3 пайыздан 12,4 пайызға көтерілген. Екі жылда жұмыссыз жастар саны шамамен 2 миллион адамға артты. NEET мәселесінде гендерлік айырмашылық айқын байқалады. Бұл санаттағы жастардың үштен екісінен астамы – қыз-келіншектер. Жас әйелдер арасындағы көрсеткіш 27,4 пайыз болса, ер адамдарда 13,1 пайызды құрайды. Бұған бала күтімі, үй шаруасы, білім мен жұмысқа қолжетімділіктің шектелуі және қалыптасқан әлеуметтік нормалар әсер етуі мүмкін.

Дамыған елдерде бірінші ретжұмысқа орналасу қиындаған

ХЕҰ дерегінше, табысы жоғары елдердегі жастар жұмысқа орналасқаннан кейін салыстырмалы түрде тұрақты және ресми қызметке қол жеткізе алады. Мұндай елдердегі жас қызметкерлердің 75 пайызы бір жылдан ұзақ еңбек шарты бойынша жұмыс істейді, ал бейресми жұмыспен қамтылғандардың үлесі 11,7 пайыз ғана.

Алайда оқу орнынан еңбек нарығына өту үдерісі барған сайын қиындап барады. Солтүстік Америкада жастар жұмыссыздығы 2023 жылғы 8,3 пайыздан 2025 жылы 9,8 пайызға көтерілген. Солтүстік, Оңтүстік және Батыс Еуропада көрсеткіш 15 пайыз деңгейінде қалып отыр. Өңірдегі 29 елдің 20-сында экономиканың жастарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі нашарлаған.

Мәселенің бірі – «тәжірибе парадоксы». Жұмыс берушілер бастапқы деңгейдегі бос орындардың өзіне бірнеше жылдық тәжірибе талап етеді. Ал оқуын енді аяқтаған жас қажетті тәжірибені жұмысқа орналаспай жинай алмайды.

Бұған қоса, бұрын мектепті немесе колледжді аяқтаған жастар үшін алғашқы баспалдақ болған орта біліктілікті қажет ететін жұмыс орындары қысқарып келеді. Кеңсе қызметі, сауда мен қызмет көрсету, өндіріс, құрылыс және техникалық кәсіптердегі бастапқы бос орындардың азаюы жастар арасындағы бәсекені күшейткен.

Жасанды интеллект те еңбек нарығына әсер етуі мүмкін

ХЕҰ бағалауынша, 15-29 жастағы адамдар атқарып жүрген жұмыстардың 6,1 пайызы жасанды интеллект ықпалына барынша бейім. Бұл негізінен кеңсе және әкімшілік қызметтер.

Ұйым ықтимал сценарийді де есептеген: егер ЖИ ықпалына ұшырайтын қызметтердің 10 пайызы толық жойылса, 5,6 миллион жас жұмыссыз қалуы, басқа мамандыққа ауысуы немесе еңбек нарығынан шығуы мүмкін. Алайда бұл нақты болжам емес, технологияның ықтимал әсерін көрсететін шартты есеп.

Дамушы елдерде жағдай басқаша. Мұнда жастар жұмыссыздығының төмен болуы еңбек нарығының жақсы екенін білдіре бермейді. Көптеген жас табыссыз отыруға мүмкіндігі болмағандықтан, тұрақсыз, төмен жалақылы және әлеуметтік кепілдігі жоқ бейресми жұмысқа келіседі.

Қазақстандағы көрсеткіш қандай?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында жұмыс істемейтін, білім алмайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастардың үлесі 5,7 пайызға жеткен. 15-34 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайыз болды.

Алайда қазақстандық және әлемдік көрсеткішті тікелей салыстыруға болмайды. ХЕҰ жаһандық есепте 15-24 жастағы жастарды қарастырса, Қазақстан статистикасында «жастар» санатына 15-34 жас аралығындағы азаматтар енгізілген.

Халықаралық еңбек ұйымы мәселені шешу үшін білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейтуді, сапалы тағылымдама мен кәсіптік оқыту бағдарламаларын дамытуды ұсынады. Сонымен қатар алғашқы жұмысқа қабылдауды ынталандыратын субсидиялар, заманауи жұмыспен қамту қызметтері және жастарға тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін бағдарламалар қажет.

Тэгтер:

жастар NEET