Астанада полицейлер алаяқтық схемаға қатысы бар, алдын ала мәлімет бойынша, арнайы курьер рөлін атқарған 20 жастағы жігітті анықтады. Алаяқтықтың бір эпизодында жәбірленушілерден 7 миллион теңге көлемінде қаражат ұрланған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қаскөйлер шетелден қоңырау шалып, өздерін түрлі қызметтердің қызметкерлері ретінде таныстырған. Әртүрлі сылтаулармен азаматтардан растау кодтарын біліп алған. Кейін жәбірленушілерге полиция және "электрондық үкімет" қызметкерлері ретінде қайта хабарласқан.
Бейнеқоңырау жасап, қызметтік атрибуттарды пайдаланған алаяқтар азаматтарды олардың есепшоттарын бұзуға әрекет жасалып жатқанына және өздерінің "дроппер" болып қалуы мүмкін екеніне сендірген. Осыны сылтау етіп, жәбірленушілерге ақшаларын қолма-қол шешіп алып, қауіпсіздікте сақтау үшін арнайы курьерге тапсыруды ұсынған. Алынған қаражатты 20 жастағы күдікті криптовалютаға айырбастап отырған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында аталған азаматтың жеке басы анықталды. Ол тұрғылықты жері бойынша ұсталды. Сондай-ақ осыған ұқсас тағы бір дерек тіркелді.
Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция ескертеді: құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан азаматтардан ақшаны курьерге беруді немесе оны "қауіпсіз шотқа" аударуды талап етпейді. Осындай қоңыраулар келіп түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, тиісті ұйымға оның ресми нөмірі арқылы өзіңіз хабарласыңыз.