Ажар Төлеуханова: Енем екеуміз – ұлттық құраманың спортшысымыз

Бүгін, 15:02 / Ақбота Әбілтай
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жуырда әлеуметтік желіде енесі мен келінінің бір жарыста бірге садақ атып жүрген видеосы кеңінен тарады. Тіпті, көпшілік финалға шыққан ене мен келіннің сайысын қызыға күтетінін айтып, жарыса пікір жазды. Дәстүрлі спортты дәріптеп жүрген енесі мен келіні Шығыс Қазақстан өңірінің тұрғындары Аяш Қабдоллаева мен Ажар Төлеуханова болып шықты. Turkystan.kz сайтының тілшісі садақшы келін Ажар Төлеуханованы тауып, аз-кем сұхбаттасқан болатын.

Жасауыма садақ пен оқ қосты

«1994 жылы Өскемен қаласында дүниеге келдім. Мектепті Ақмола облысы, Аршалы ауданында тәмамдадым. Әкем әскери адам болғандықтан мектепті көп ауыстырдым. 11 сыныптан кейін Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің Сәулет факультетіне түсіп, бес жыл бакалавр, екі жыл магистратурасын оқыдым. Оны бітіргеннен кейін бір жылдай сәулетшінің көмекшісі болып жұмыс істедім. Жеке кәсіпппен де айналыстым. 2017 жылы Астанада EXPO көрмесі өтті. Сол жерде этноауылдан алғаш рет садақтың тирін көрдім. Алғаш рет садақ атып көрдім. Қатты ұнады. Оған дейін кәсіби түрде ешқандай спортпен айналыспағанмын. Содан кейін садақ атуды үйрететін орталықтарды іздей бастадым. Бірақ ол кездері Астанада садақ атуды үйрететін ешқандай курстар болмады. Тек 2018 жылы түріктің садақшылары Астанаға келіп, Юнус Эмре орталығында үш айлық курс өткізетін болды. Соған жазылдым. Сонда садақ атуды бас бармақтан бастап үйретті. Қазір республикалық федерацияның вице-президенті болып отырған Диас Ахметов, көшпенділер ойындарының жеңімпазы Ербол Тәбенов, Азамат Нұртас сынды азаматтар бірінші болып сол курсқа барған. Біздің сол кездегі қызығушылығымыз осындай үлкен спорттың дамуына алып келді. Ол кезде садақ ату спорты біздің елде спорт реестріне кірмеген де. 2022 жылы ғана ресми спорт түрі ретінде тіркеліп, федерациялар ашыла бастады. Үкімет қолдау көрсете бастады», – дейді ол.

Сол аралықта теңін тауып, тұрмыс құрған Ажар Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударғаннан кейін Астанада үйренген дағдысын шығыс өңірдің жұртына үйретіп, садақ ату спортын облыс көлемінде дамытуды қолға алған. Тіпті, ата-енесіне де садақ атуды үйретіп, кәсіби спортқа баулыған.

«Мен шығыс өңіріне аяқ басқанда бұл спорт түрі дамымаған-тын. Бұл істі дамытуды өзім қолға алдым. Сөйтіп, бүгінде біздің өңір садақ ату спорты ілгері дамып келе жатқан Астана, Атырау, Орал қаласының қатарына қосылды. Қазір өзіміздің садақ ату федерациямыз бар. Қазақстан қазір әлемде садақ ату бойынша бірінші орында тұр. Садақ ату 2022 жылы қалай спорт реестріне кірді, қолдау көрсетілді, солай жұмыс жасалды. Бұл күнге сол еңбектің арқасында жеттік. Мен келін болып түскенде қайын жұртымнан ешкім садақ атумен айналыспаған. Жасауымның арасында садағым мен оғым болды. Бұл қалай екен, бұл не екен деп бәрі жасауымды қызықтады. Десе де ешкім оны маңызды дүние деп қабылдамады. Келін болып түскеннен кейін есік алдына нысана қойғызып, бала-шағаға атқызып үйрете бастағанда, бәрі қызықтап, сондай қызық күндер болған.

Өзімнің қазір екі балам бар. Болашақта балаларым мамандығын өздері таңдайды деп ойлаймын. Десе де бала кезінен көріп жүргендері – осы. Үнемі жанымызда, жарыстарда, оқу-жаттығу жиындарында жүреді. Садақ атуды бала-шағаға ғана емес, ата-енеме де үйреттім. Қазір екеуі де кәсіби түрде айналысады. Атам спорт шеберіне үміткер. Енем халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Күйеуім айналыспайды. Бірақ бізді қолдайды. Келген жеріме тастай батып, судай сіңдім деп айта аламын. Күйеуім бір үйдің жалғыз ұлы. Менің кез-келген бастамамды қолдайды. Ата-енеме садақ үйретіп, қатарыма қосып алғаныма ризамын. Егер жарыстарға жалғыз барсам реніш, артық сөз болар ма еді. Менің қорғаушыларым – ата-енем қасымда жүргендіктен ешкім ештеңе демейді», – дейді ол.

Енеме финалда жол бердім

Ажар биыл садақ атудан өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, енесі екеуі финалға шығып, жүлделі орындар иеленген.

«Қазақстан чемпионаты биыл тамызда, Қарағандыда өтті.  Ел біріншілігіне 17 облыс, 3 қаладан 200-ден астам спортшы қатысты. Мен турнирдің әйелдер арасындағы жеңімпазы атандым. Онда төрт нысана бойынша жарыстық. Соның екі нысанасы бойынша мен финалға өттім. Қазақтың «Жамбы ату» нысанасы бойынша 1-орын иелендім. Ол 30 метр қашықтықтан атылады. Енем жарысқа түскен екінші нысана «Орта Азия» деп аталады. Бұл – қырғыз нысанасы. Ол 40 метр қашықтықтан атылады. Бұл нысанада енем алтын, мен күміс жүлде алдым.

Мен – 2024 жылы Астанада өткен Көшпенділер ойынының күміс жүлдегерімін. Шымкент қаласында өткен алғашқы Әлем кубогінде алтын жүлде иелендім. Корея елінде өткен турнирде мен 3-орын, енем 1-орын алды.

Қазір біз Шығыс Қазақстан облысының Глубокое деген ауданында тұрамыз. Енем екеуміз бір мекемеде жұмыс істейміз. Екеуміз де – ұлттық құраманың спортшысымыз. Оған қоса, аудандағы балалар шығармашылық үйінде қосымша білім беруден сабақ береміз. Жалпы, мен сол өңірге келін болып түскеннен кейін сол жерде балаларға садақ ату үйірмесін аштым. Өңірде бізді жақсы қолдайды. Балалар жарысқа баратын кезде бізді іс-сапарға жібереді. Жол қаражатын бюджеттен төлейді», – дейді ол. 

Ажар Рахметқызы Өскемендегі дәстүрлі садақ ату федерациясын құрған.

«Өскеменнің өңірлік федерациясын өзім аштым. Қоғамдық бірлестік. Жеке кәсіп емес. 2018 жылы қолыма садақ алғалы бері қолымнан садағымды тастаған жоқпын. Сол білгенімді үйретіп, шығыста осы спорт түрін дамыту үшін аштым. Үш санат бар: 10-17 жас аралығы – жасөспірімдер санаты, 18-24 жас аралығы – жастар санаты, 24-тен жоғары ересектер санаты. Үш бағытта да үйретемін. Ересектер өздерімен өздері, оларға тек жаттығатын алаң сұрап аламын, жаттығуларына жағдай жасаймын. Ал жастар мен жасөспірімдер өзімнің бақылауымда. Шығыс Қазақстан облысының Риддер, Зайсан, Тарбағатай сияқты елді-мекендерінде өздерінің бапкерлері бар. Оларды өзім оқытып, үйреткенмін. Олар өз оқушыларын баптап, жарыстарға ертіп апарады. Мен облыстық федерацияның басшысы ретінде облыстық чемпионатты өткізуге міндеттімін. Қазір аудан-ауданда садақ ату спорты қарыштап, оқушылар бой көрсетіп келе жатыр», – дейді ол.

Бұл спортты тастап кетуге қимаймын

Алайда Ажардың уайымы да жоқ емес. Бұл саланың алға басуы үшін біраз кедергі бар, қол қысқа көрінеді.

«Қоғамдық бірлестік болғандықтан маған ешқандай пайда әкелмейді. Керісінше – шығыны, жұмысы жетерлік. Республикалық федерацияның құрамына кіру үшін жарна төлейсің. Федерацияның мүшелігінде болу үшін жыл сайын республикалық жарыстар ұйымдастыруың керек. Есебін тапсырасың. Федерация президенттігіне бір бақуатты азаматты қойып қойса болатын еді. Орныма адам іздедім де, бірақ таппадым. Бүкіл спорт түрінде кәсіпкерлер, қалталы азаматтар демеушілік көрсетеді ғой.  Әзірге бұл федерацияны қолдайтын ешкім табылмады. Сол себепті әзірге өзім жүрмін. Қаржылық-материалдық жағын қолға алып, жүргізе алатын адам болса беріп, өзім жаттықтырушы болып, көмектесіп жүруге дайынмын. Өкініштісі сол, жанашыр жандар өте аз. Қазіргі арманым – садақ ататын, арнайы жабдықталған алаң салып берсе деймін. Өйткені бізде қыста садақ ататын ешқандай ғимарат жоқ. Жазда далада атамыз. Қыстыгүні мүмкіндік болмағандықтан уақытымыз бос өтеді. Бұл спортты тастап кетуге қимаймын. Садақ атқандағы сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны өзіңіз жебе тартып көрсеңіз түсінесіз. Садақ атқанда тек ұлттық киіммен шығасыз. Ұлттық киімді, ұлттық спортты насихаттап жатқаныңның өзі көңіліңе қуаныш сыйлайды. Оқушы кезімнен киізден киім, сөмке тігіп ұстағанды жақсы көретінмін. Жан дүниеме жақын болғандықтан да осы спорт түрін жақсы көріп кеткен шығармын. Физикалық тұрғыдан да қарсыласыңызға жарақат келтірмейсіз. Күрес, дзюдо сияқты ауыр спорт түрлері қыздардың дене бітімін өзгертіп жібереді ғой. Мұнда ондай жоқ», – дейді ол сөз соңында.

Тэгтер:

ұлттық спорт садақшы Садақ ату садақ жебе Ажар Төлеуханова