Президентіміздің бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуындағы бағдарламалық сөзін төл тарихымыздағы «Құрылтай» сөзінің шығу тарихынан бастап, осы тарихи жәдігердің ел басқару ісіндегі маңызды мақсатына тоқталуы бізді де толғандырды. Демек еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы ресми түрде іске кірісіп, жұмысын мүлдем басқаша бастайды. Құрылтай ұжымдық басқару органына айналуы арқылы билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады.
Құрылтай депутаттары халық мүддесін көздейтін Заңдар мен заңнамалар шығарумен айналыса отырып, ел басқаруға тікелей араласады. Сонымен қатар Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайту жолында билік тұтқаларын нығайтады.
Бұл тарихи миссия жаңа халық қалаулыларына үлкен жауапкершілік артады. Сонымен қатар, бұл олардың өздерін халық алдында жақсы атты болып көрінуі үшін дау-дамайға араласып, бос сөзбен айналысуға уақыттары да болмайды. Шынында да аса үлкен жауапкершілік арқалап келген депутаттардың енді нақты іспен айналысатыны анық. Егер Атазаңымыз –Конституция оларға сот жүйесіне бақылау жасау, Президенттің ұсынуымен судьяларды сайлау, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекіту, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдау сияқты құзыретін беріп отырса. Бұған қоса депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс көтеру құқығын берсе депутаттар қалайша жайбарақат жүре алады?!
Осындай көптеген құзыретке ие Құрылтай депутаттары ежелден ерекше құрметке ие болған Билеріміз сияқты, алдымен, халықтың сенімін ақтауға міндетті. Президентіміз айтқандай Құрылтай деген үлкен дәрежелі органға популизм мүлдем жараспайды.
Президент өзінің сөзінде бүгінгі халықаралық күрделі жағдайға да кеңінен тоқталды. Қазіргі алмағайып заманда орта дәрежелі держава деңгейіндегі Қазақстанның әлемдегі орнын айқындаудағы келелі ойлары бәрімізді толғандырады.
Сондай-ақ халқымыздың төл тарихымызды бағалаудағы ұстанымын қалыптастыру жолындағы ауқымды жұмыстарды жүйелеу барысындағы ой-пікірлері әрбір қазаққа бағдаршамдай әсер етуге тиіс.
Біз кейінгі уақыттағы еліміздің қарқынды даму барысында іргелі реформалардың әсерін бірте-бірте сезініп, Жаңа Қазақстанда жасалып жатқан ауқымды істерге қуанамыз.
Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында Президентіміз Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге, заңнамаларға тоқталып, алдымен болашақта жүзеге асатын іс-шараларға назар аударды.
Заң шығару – аса жауапты жұмыс. «Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек», – деген Мемлекет басшысының тұжырымы депутаттарымыздың да, қарапайым халықтың да көңілінен шығады деп ойлаймыз.
Мемлекет басшысы үнемі мына қағидатты баршамызға жалықпай айтумен келеді: «Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады».
Ендеше біз де Құрылтай депутаттарының бойынан осындай асыл қасиеттерді көріп, мақтан етіп, құрметтегіміз келеді.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстанның Жазушылар одағының төрағасы