Непалда су тасқынынан қаза тапқандар саны 800-ге жуықтады

Бүгін, 09:41 / Інжу Әлихан
Скриншот

Непал мен Қытай билігі мұздықтың опырылуынан кейін болған жойқын су тасқыны салдарынан хабар-ошарсыз кеткен және қаза тапқан адамдарды іздеу жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Непалдың Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, 794 адам қаза тауып, 2,5 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткен. Шекараның Қытай жағында жергілікті биліктің мәліметінше, 16 адам қаза болып, тағы 546 адам із-түзсіз жоғалған. Сонымен қатар Қытайда қайғылы оқиға мен оның салдары туралы ақпарат таратуға айтарлықтай шектеу қойылған.

Құтқарушылар қалың лай басқан ауылдарды тексеріп жатыр. Жұма күнінен бері бұл жұмыстарға нөсер жаңбыр кедергі келтіруде. Таулардан селдің қайта жүру қаупі бар. Сондай-ақ апатты су тасқынынан кейін пайда болған жаңа көл де алаңдаушылық туғызып отыр. Егер көлдің бөгеті бұзылса, судың бақылаусыз ағыны Непалдың Лхенде және Тришули өзендеріне қарай бағытталуы мүмкін.

Непал аумағында құтқару жұмыстары Тришули өзенінің жоғарғы ағысындағы бес бөгетте тірі қалғандарды іздеуге бағытталған. Жұма күні билік өкілдері бөгеттердің біріндегі тоннельде 350-ге дейін адам болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Құтқарушылар тоннельге ауа жіберу үшін тесік бұрғылап, енді ішке кіретін жол ашуға тырысып жатыр.

Қызыл Крест ұйымының бағалауынша, су тасқыны болған аумақта жалпы саны 90 мыңға дейін адам зардап шегуі мүмкін. Непал билігі әзірге Қытайдың Тибет аймағындағы қасиетті Кайлас тауына бет алған, негізінен зияратшылардан тұратын 592 шетелдіктің орналасқан жерін анықтай алмай отыр.