Алматы облысында 3 мың метр биіктікке шыққан турист қыз адасып қалған

Бүгін, 18:38 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

ТЖМ құтқарушылары Іле Алатауы тауларында адасып кеткен туристке көмек көрсетті, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.

Алматы облысының Қарасай ауданында, Вечерняя тауының маңында, теңіз деңгейінен 3000 метрден астам биіктікте турист қыз тау соқпағынан адасып қалған. Ол қауіпсіз бағытпен өздігінен түсе алмаған. Көмекке шақырған қоңырау түн ортасында түскен.

"Оқиға туралы ақпарат алған "Барыс" республикалық құтқару қызметінің құтқарушылары іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілетін аймаққа жедел аттанды. Туристті іздеу жұмыстары таулы жердің күрделі жағдайында түні бойы жүргізілді", - дейді құтқарушылар.

Олар бастапқыда берілген координаттарға барғанымен, турист қызды ол жерден таппаған. Кейін онымен байланыс үзілген. Соған қарамастан, іздеу-құтқару жұмыстары шатқал бағытымен жалғастырылған. Іздеу барысында құтқарушылар турист қызды тауып алып, қауіпсіз аймаққа аман-есен жеткізген.