«Аузына ел қараған ақын емессің бе?»: Балғынбек Имаш Сырым Әуезханға ескерту жасады

Бүгін, 10:17 / Нұрлан Әлинұр
Коллаж: turkystan.kz

Айтыскер ақын Сырым Әуезхан энергетикалық сусынды жарнамалағаны үшін әлеуметтік желіде сынға қалды. Оның жарнама видеосына әріптестері Балғынбек Имаш пен Дидар Қамиев пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әлеуметтік желіде тараған жазбада Сырым Әуезхан энергетикалық сусынды жарнамалаған. Ақынның бұл әрекеті көпшілік арасында түрлі пікір туғызған.

Оның жазбасына пікір білдірген айтыскер ақын Балғынбек Имаш жарнаманың мазмұнына қатысты ойын ашық жеткізді.

«Дұрыс емес! Адам болып жүрген жақсы ғой. Маймылдан жақсырақ деп қасқыр боласың ба? Алла адам баласын ардақты етіп жаратты. Хайуан болуға шақыруды қойсаңдаршы. Аузына ел қараған ақын емессің бе?» – деп жазды ол.

Ал Дидар Қамиев «Қасқыр» атауындағы энергетикалық сусынға қатысты әзілмен пікір білдірген.

«Тұрса да балтыр сызып, бас қуысып, өзімді алдамаймын “Қасқыр” ішіп. Қасқыр ішпек түгілі біздің қазақ, жастарға кигізбеген қасқыр ішік!» – деп жазды ақын.