Қазақстандық дзюдошысы Абылайхан Жұбаназар Швейцарияда өтіп жатқан Ecole Mont-Olivet Lausanne Grand Slam 2026 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол жарыс барысында алты кездесу өткізіп, қарсыластарының барлығынан басым түсті.
Абылайхан финалға дейін Чехия, Украина, Грузия, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдерін жеңді. Ал алтын жүлде үшін өткен шешуші белдесуде Өзбекстан өкілі Арслонбек Тожиевтен басым түсіп, турнир чемпионы атанды.
Айта кетейік, Lausanne Grand Slam 2026 жарысына 77 елден 513 дзюдошы қатысып жатыр. Аталған дода олимпиадалық рейтингке ұпай беретін маңызды халықаралық жарыстардың бірі саналады.