Құрылтайдың жаңа құрамына баға бергенде депутаттардың кәсіби тәжірибесімен қатар, жаңа есімдердің келуіне және қоғамның түрлі топтарының өкілдігіне назар аудару қажет. Мұндай пікірді Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Жансая Нұрәлі айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сарапшының айтуынша, жаңа Құрылтайдың басты ерекшеліктерінің бірі – оның толығымен партиялық тізім арқылы жасақталуы. 145 депутаттың барлығы бес жылдық мерзімге сайланғандықтан, алдағы уақытта қоғам депутаттардың жеке қызметін ғана емес, оларды ұсынған саяси күштердің ұстанымы мен жауапкершілігін де бағалайтын болады.
«Құрылтайдың жаңа құрамына сапалық тұрғыдан баға бергенде, ең алдымен оның жаңадан қалыптасып отырғанын ескеру қажет. Сондықтан бұл құрамның ерекшелігі – жеке тұлғалардың ғана емес, белгілі бір саяси күштердің қоғам алдындағы ұстанымдары мен жауапкершілігінің қатар бағалануы», – дейді Жансая Нұрәлі.
Оның пікірінше, жаңа парламент құрамындағы маңызды үрдістің бірі – тәжірибе мен жаңарудың қатар жүруі. Бұған дейін парламентте жұмыс істеп, заң шығару үдерісінен өткен депутаттардың болуы Құрылтай қызметінің сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал депутаттық корпусқа жаңа тұлғалардың келуі саяси өкілдіктің аясын кеңейтіп, жаңа көзқарастар мен бастамалардың пайда болуына жол ашады.
«Осы екі бағыттың тепе-теңдігі Құрылтайдың алғашқы шақырылымының сапасын анықтайтын негізгі факторлардың бірі болады», – деп атап өтті сарапшы.
Жансая Нұрәлиева депутаттық корпустың әлеуметтік құрамына да назар аударды. Оның сөзінше, ең көп мандат алған «Әділет» партиясының депутаттары қатарында әйелдер, жастар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар және түрлі этнос өкілдері бар. Бұл жаңа Құрылтай құрамында қоғамның әртүрлі топтарын қамтуға ұмтылыс бар екенін аңғартады.
Дегенмен сарапшы өкілдікті тек сандық немесе статистикалық көрсеткіштермен бағалау жеткіліксіз деп есептейді.
«Депутат белгілі бір әлеуметтік топтың немесе кәсіби ортаның өкілі болумен ғана шектелмеуі керек. Ең маңыздысы – сол ортаның мәселелерін мемлекеттік саясат деңгейіне көтеріп, нақты шешімдердің қабылдануына ықпал ете алуы», – деді Жансая Нұрәлі.
Сарапшының пайымдауынша, жаңа Құрылтай жұмысының сапасы депутаттардың әлеуметтік немесе кәсіби құрамынан ғана емес, олардың сайлаушылардың сұранысын заңнамалық бастамаларға айналдыра алу қабілетінен де көрінбек.