Жітіқарада өгей ұлын өлтіріп, әйелін пышақтаған ер адам 23 жылға сотталды

Бүгін, 13:58 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қостанай облысы Жітіқара қаласының тұрғыны өгей ұлын өлтіргені және жұбайын өлтіруге оқталғаны үшін сотталды. Сот оны 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қостанай соттарының дерегінше, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жітіқара қаласының тұрғынына қатысты адам өлтіру, яғни басқа адамды заңсыз қасақана өлтіру және адам өлтіруге оқталу фактілері бойынша қылмыстық істі қараған.

Сот 2026 жылғы сәуірде сотталушы жанжал барысында алкогольдік масаң күйде жұбайының іш тұсына пышақпен соққы жасап, оған ауыр дене жарақатын келтіргенін анықтады. Сонымен бірге жәбірленушінің айқайын естіген әйелдің кәмелетке толмаған ұлы оқиға орнына жүгіріп барып, өгей әкесін тоқтатпақ болған. Ол өгей әкесінің қолындағы пышақты қағып жіберуге әрекет жасаған. Алайда ер адам оның кеуде тұсына пышақпен төрт рет соққы жасаған. Алған жарақаттарының салдарынан кәмелетке толмаған бала қайтыс болған.

Оқиға мұнымен де аяқталмаған. Ол жұбайын өлтіруге бағытталған әрекетін жалғастырып, оған қайтадан пышақ ала жүгірген. Осы кезде жәбірленушінің ағасы араша түсіп, оның қолындағы пышағын тартып алған.

"Жәбірленушілер сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот отырысында сотталушы тағылған айыптарды толық мойындап, жәбірленушілерден кешірім сұрады.

Сот ер адамға қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу арқылы 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ", - делінген хабарламада.