1 қыркүйекте мектепке гүл апаруға бола ма – министрлік жауабы

Бүгін, 11:32 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйек - Білім күні ұстаздарға гүл шоғын сыйлауға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

"1 қыркүйекте ұстазға гүл сыйлау жақсы дәстүр. Алайда ол міндетке, жарысқа немесе артық шығынға айналмауы тиіс. Ең бастысы гүлдің көлемі немесе бағасы емес, баланың ұстазына деген құрметі", - делінген хабарламада.

Сондықтан гүл сыйлау әр бала мен ата-ананың ерікті таңдауы болуы керек, деп ескертті ведомство.

"Білім беру ұйымдары гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашылық жасамауы, ақша жинауды ұйымдастырмауы және мұны ата-аналарға міндеттемеуі тиіс", - деп жазылған ресми хабарламада.

Министрлік басты мақсат мектептегі алғашқы күнді даңғазасыз, жылы әрі тәрбиелік мәнде өткізу, балаларды ұстазды құрметтеуге, қарапайымдылық пен ізгілікке тәрбиелеу екенін еске салды.