Ұлттық ұланының әскери қызметшісі қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Кубогының жеңімпазы атанды

Бүгін, 11:05 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ұлттық ұлан

25-28 тамыз аралығында Ақмола облысының Щучинск қаласында ересектер арасында қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының Кубогы өтті. Жарысқа дене шынықтырудың, жекпе-жек техникасының және төзімділіктің жоғары деңгейін көрсеткен мықты спортшылар қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы "Burkit Team" спорт командасының өкілі, 6654 әскери бөлімінің офицері — капитан Қымбат Ахмет сәтті өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша ол бірден екі пән бойынша бірінші орынға ие болды.

Доданың жекпе-жек бөлімінде 53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде капитан Қымбат Ахмет Қазақстан Республикасы Кубогының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, спортшы 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде "Өзін-өзі қорғау" бөлімінде де жеңіске жетті.

Әскери қызметшінің жоғары нәтижесі құқықтық тәртіп әскері жауынгерлерінің кәсіби даярлығын айқын растады. 

Капитан Қымбат Ахметтің республикалық деңгейдегі жарқын жеңісі ҚР ІІМ Ұлттық ұланының спорттық жетістіктеріне үлес қосты.