Әнші Әділет Жауғашар әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен "Сүй, иә" әнінің сөздерін өзгертті. Өнер иесі көпшіліктің сынынан кейін әннің ең көп дау тудырған бөлігін қайта жазған, деп turkystan.kz тілшісі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін туындының қайырмасында:
"Сұлудың жоқ дегені – иә,
Жоқ деуге келтірмеші, сия.
Одан да мені қатты сүй, ия,
Сүй, ия! Сүй, ия!" – деген жолдар болған.
Желі қолданушылары әсіресе "Сұлудың жоқ дегені – иә" деген тіркеске наразылық білдірді. Олардың пікірінше, мұндай сөздер адамның "жоқ" деген жауабын елемеуді қалыпты құбылыс ретінде көрсетуі мүмкін.
Сыннан кейін Әділет Жауғашар әннің осы бөлігін толығымен өзгерткен. Енді жаңа нұсқада:
"Сұлудың жоқ дегенін сыйла,
Сезімді ала алмайсың қинап.
Қыздарды жамандыққа қима,
Қима", – деп айтылады.
Әншінің бұл қадамы әлеуметтік желі қолданушылары тарапынан оң бағаланды. Көпшілік оның сын-пікірге құлақ асып, ән мәтінін өзгерткенін қолдады.
"Жарайсың, қатеңді мойындау да ерлік", "Осы нұсқасын шығарса, әдемі болар еді", "Осы версиясы жақсы екен", – деп жазды желі қолданушылары.