Тайваньда ер адам әйелінің басқа адаммен көңіл жарастырғанын робот шаңсорғыштың камерасы арқылы анықтап, сотта дәлелдеген. Алайда кейін оның өзі әйелінің жеке өміріне заңсыз араласқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
South China Morning Post басылымының жазуынша, ер адам 2021 жылы шаңырақ көтерген. 2023 жылдың қыркүйегінде қаланың шетіндегі үйінен пайдаланылған бөтен тіс щеткасын тауып, әйелінен күдіктене бастаған. Кейін тұрақтағы бейнежазбалардан әйелін үйге жеткізіп салған бейтаныс ер адамды байқаған.
Арада үш ай өткен соң ол мобильді қосымша арқылы робот шаңсорғышты қашықтан іске қосып, құрылғының камерасы мен аудио мүмкіндігін пайдаланған. Осылайша әйелінің басқа ер адаммен бірге болған сәттері жазылып қалған.
Кейін ол жазбаларды сотқа ұсынып, әйелі мен оның серіктесінен неке құқықтарын бұзғаны үшін 2 миллион Тайвань доллары көлемінде өтемақы талап еткен. Сот олардың қарым-қатынасы достық шеңберінен асқан деген қорытындыға келіп, ер адамның пайдасына 500 мың Тайвань доллары, яғни шамамен 7,7 миллион теңге өндіріп беруге шешім шығарды. Алайда бұдан кейін әйел қарсы талап арыз берді. Ол күйеуін өзінің келісімінсіз жеке сәттерін жасырын түрде түсірді деп айыптаған.
Ер адам жазбаның азаматтық сотта дәлел ретінде қабылданғанын алға тартып, әрекетін заңды деп есептеген. Бірақ сот бұл уәжбен келіспеді.
Сот шешімінде некеде болу адамның жеке өміріне қол сұқпау құқығын жоймайтыны атап өтілген. Сондай-ақ жазбаның әдейі жасалғаны және әйелдің түсірілімге келісім бермегені көрсетілген. Нәтижесінде ер адам заңсыз бейнежазба жасағаны үшін 5 айға бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса, оған 150 мың Тайвань доллары, шамамен 2 миллион теңге айыппұл салынды.