"Келінімізді үйге алып келеміз": Динара Сәтжан отбасындағы қуанышты хабарды сүйіншіледі

Бүгін, 20:39 / Жамбыл Жайлау
instagram.com/dinarasatzhan

Танымал журналист Динара Сәтжан отбасындағы қуанышты жаңалығымен бөлісіп, бүгін келінін үйге алып келетінін хабарлады, деп жазады turkystan.kz.

Журналист ене атанудың өзі үшін үлкен жауапкершілік екенін айтып, жаңа рөлге байланысты толқып жүргенін де жасырмады. Оның сөзінше, қазіргі жастардың жеке шекарасына құрметпен қарау маңызды.

"Бүгін келінімізді үйге алып келеміз! Білесіздер ме, бұл – үлкен жауапкершілік. Қазіргі заманғы ене ретінде зумерлердің жеке шекарасына өте ұқыпты қарайтынын түсінемін. Оларды да жақсы түсінемін", – деп жазды ол.

Динара Сәтжан миллениалдар мен Z буынының өмірге деген көзқарасында айырмашылық барын әзілмен жеткізді. Тіпті болашақта енелерге дипломатия бойынша арнайы курс қажет болуы мүмкін екенін де қалжыңға қосты. Сонымен қатар журналист ұрпақ пен заман өзгергенімен, ата-ананың баласына деген тілегі өзгермейтінін атап өтті.

"Әр ата-ана үшін ең бастысы – баласының бақытты болғанын көру. Мінсіз болғанын емес. Ыңғайлы болғанын емес. Ең бастысы – бақытты, сүйікті әрі өзіне сенімді болғанын қалау", – деді ол.

Динара Сәтжан балалардың бақыты үшін ата-ананың да өзгеруге, жаңа нәрсе үйренуге және олардың жеке кеңістігін құрметтеуге дайын болуы керектігін жеткізді.

"Егер балаларымыздың бақыты үшін бізге жаңа нәрсені үйрену, өзімізді өзгерту, олардың жеке шекарасын құрметтеу, еркіндік беру және кейде жай ғана жанында болу қажет болса, мен ол үшін бәрін жасауға дайынмын", – деп жазды журналист.

Сөз соңында ол бұл күннің отбасы үшін ерекше әрі қуанышты екенін атап өтті.

"Ал бүгін – жай ғана бақытты күн. Бүгін біз өз қызымызды үйге алып келеміз", – деп түйіндеді Динара Сәтжан.

Тэгтер:

Динара Сәтжан