Адам әлеуметтік жағдайды бағалап, агрессивті әрекетке бармас бұрын бірнеше ойлау сатысынан өтеді. Бұл үдеріс агрессияның аяқ астынан туындаған эмоциялық реакция ма, әлде алдын ала ойластырылған әрекет пе дегенге қарай өзгереді. Deviant Behavior журналында жарияланған жаңа зерттеу адамның өз агрессиясын жүзеге асыра алатынына сенімді болуы импульсивті агрессиямен, ал агрессивті әрекеттен белгілі бір пайда күту жоспарланған агрессиямен байланысты екенін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлеуметтік қақтығыс кезінде адамның қалай шешім қабылдайтынын түсіндіру үшін психологтар әлеуметтік ақпаратты өңдеу моделі деп аталатын тұжырымдаманы қолданады. Бұл модель адамдар арасындағы қарым-қатынас кезінде санада бірінен кейін бірі жүретін бірнеше жедел ойлау үдерісін сипаттайды.
Алдымен адам әлеуметтік белгілерді байқайды: мысалы, қарсы адамның дауыс ырғағын, бет әлпетін немесе қимылын аңғарады. Кейін бұл белгілерді түсіндіруге тырысады: қарсы адамның әрекеті кездейсоқ болды ма, әлде әдейі жасалды ма деген сұраққа жауап іздейді. Одан соң адам сол жағдайдағы мақсатын айқындайды – жанжалды ушықтырмау ма, әлде өз үстемдігін көрсету ме. Бұдан кейін санасында бұрыннан бар әрекет нұсқаларын еске түсіріп, олардың ықтимал салдарын бағалайды да, соңында белгілі бір қадамға барады.
Уақыт өте келе психологтар бұл модельге эмоцияны басқару үдерісін де қосты. Мысалы, ашулы адам өз көңіл күйіне сай келетін ақпаратты ғана байқап, жағдайдағы сабырлы белгілерді елемеуі мүмкін. Ашудың әсерінен оның мақсаты да өзгеріп, мәселені шешуден гөрі кек алуға басымдық беруі ықтимал.
Кейінгі ғылыми еңбектерде автоматты және саналы ойлау үдерістері де ажыратыла бастады. Автоматты өңдеу импульсивті әрекеттерге жол ашса, саналы, байыпты ойлау адамның алдын ала жоспарланған мінез-құлық стратегиясын таңдауға мүмкіндік береді.
Психологтар агрессияны қызметіне қарай екі негізгі түрге бөледі.
Реактивті агрессия – қауіпке немесе арандатуға берілген импульсивті, қорғаныс сипатындағы және көбіне эмоциялық жауап.
Ал проактивті агрессия – алдын ала ойластырылған, белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталған және көбіне сыртқы арандатусыз жасалатын әрекет. Мысалы, адам әлеуметтік мәртебесін көтеру, материалдық пайда табу немесе өзге біреуге үстемдігін көрсету үшін агрессияға баруы мүмкін.
Бұған дейінгі зерттеулер ойлау үдерісінің бастапқы сатыларындағы қателіктердің көбіне реактивті агрессиямен байланысты екенін көрсеткен. Мәселен, екіұшты әрекетті бірден жаулық белгісі деп қабылдайтын адам қарсы шабуылға жиірек барады.
Ал ойлаудың кейінгі сатыларындағы жаңсақ бағалаулар, мысалы зиян келтіретін әрекеттен жақсы нәтиже күту, көбіне проактивті агрессиямен байланысты.
Ересектер арасындағы агрессия зерттелген кезде ғалымдар көбіне когнитивтік үдерістің бір ғана сатысына назар аударады. Мысалы, қарсы адамның әрекетін жаулық ретінде қабылдау бейімділігі жеке қарастырылады. Сонымен қатар ересектердегі агрессияның түрлі қызметтік формалары жиі ажыратылмайды.
Сондай-ақ ерлер мен әйелдердің агрессивті әрекетке бару кезінде бірдей ме, әлде әртүрлі ойлау жолдарын қолдана ма деген сұрақ та жеткілікті зерттелмеген.
Португалиядағы Порту университетінің зерттеушісі Мариана Себастиау Машаду ересектер арасында әлеуметтік ақпаратты өңдеудің толық алты сатылы моделін тексеруді ұйғарды. Ол әріптестері Жозефина Кастро және Карла София Кардозумен бірге агрессияның әртүрлі түрлерін қандай ойлау сатылары болжайтынын және бұл үдерістер ерлер мен әйелдерде қалай ерекшеленетінін анықтауға тырысты.
Зерттеуге Португалиядан 278 ересек адам қатысты. Олар онлайн сауалнама толтырды. Алдымен қатысушылар реактивті және проактивті агрессияға бейімділігін анықтайтын стандартталған сауалнамаға жауап берді.
Қатысушылардың басым бөлігі жоғары білімді болды және олардың көпшілігі әйелдер еді.
Кейін қатысушыларға әлеуметтік тұрғыдан екіұшты төрт қысқа оқиға ұсынылды. Әр оқиғада адам басқа біреудің жағымсыз әрекетіне тап болады, бірақ оның себебі түсініксіз болып қалады.
Қатысушылар бұл әрекетті жасаған адамның ниеті жаулық сипатта болды ма, жоқ па деген сұраққа жауап берді. Бұл когнитивтік модельдің бастапқы түсіндіру кезеңін бағалауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ олар агрессивті жауап қайтарудың қаншалықты орынды екенін, мұндай әрекеттен қандай нәтиже күтетінін, агрессияны жүзеге асыру өздеріне қаншалықты оңай болатынын және шын мәнінде солай әрекет ету ықтималдығын бағалады.
Сауалнама нәтижелері реактивті және проактивті агрессияның өзара тығыз байланысты екенін көрсетті. Яғни агрессияның бір түріне бейім адам екіншісіне де бейім болуы мүмкін.
Алайда екі түрдің негізінде жатқан ойлау ерекшеліктері әртүрлі болып шықты.
Басқалардың ниетін жаман деп қабылдауға бейімділік тек импульсивті, реактивті агрессиямен байланысты болды. Ал мұндай жаулық сипаттағы түсіндіру проактивті, алдын ала жоспарланған агрессиямен байланыс көрсетпеді.
Сонымен бірге когнитивтік үдерістің кейінгі сатылары агрессияның екі түрімен де байланысты болды.
Зерттеушілер екі агрессия түрінің бір-біріне ықпалын алып тастау үшін қосымша статистикалық модельдер қолданды. Нәтижесінде адамның агрессивті әрекетті оңай жасай алатынына деген сенімі реактивті агрессиямен ең күшті тәуелсіз байланыс көрсеткен фактор болды.
Ал проактивті агрессия үшін ең күшті көрсеткіш агрессивті әрекеттен оң нәтиже немесе пайда күту болды.
Жалпы агрессивті әрекеттердің жиілігі бойынша ерлер мен әйелдер арасында статистикалық тұрғыдан елеулі айырмашылық байқалмады. Бірақ олардың агрессияға алып келетін ойлау жолдары әртүрлі болды.
Ерлер агрессивті әрекеттерді әйелдерге қарағанда жағымдырақ бағалады және мұндай әрекеттен жақсы нәтиже күтетінін жиірек айтты.
Тек ерлердің жауаптары талданған кезде агрессиядан пайда күту проактивті агрессияны айқын болжаған. Ал өзгенің ниетін жаулық деп қабылдау реактивті агрессиямен шекаралық деңгейде байланыс көрсетті.
Әйелдер арасында агрессивті жауапты қолайлы нұсқа деп қабылдаудың өзі проактивті агрессияның жоғары деңгейімен байланысты болды.
Ал әйелдердегі реактивті агрессия күрделірек көрініс берді. Агрессивті әрекет жасау қабілетіне деген сенімділік реактивті агрессияны арттырғанымен, бұл агрессияның өзін теріс бағалаумен қатар жүрді.
Зерттеушілер әйелдердегі мұндай қарама-қайшылық қоғамдағы гендерлік тәрбие мен әлеуметтік нормалардың әсерін көрсетуі мүмкін деп есептейді.
Қоғамда ер адамның агрессиясы жиі қалыпты құбылыс ретінде қабылданып немесе күштің белгісі ретінде түсіндіріледі. Ал әйел адамның агрессиясы керісінше жиі сынға ұшырап, қалыптасқан әлеуметтік күтулерден ауытқу ретінде бағаланады.
Осы әлеуметтік қысым әйелдерде қарсы әрекет жасау қабілеті мен ішкі моральдық тежеу арасында қайшылық туғызуы мүмкін.
Зерттеудің бірқатар шектеуі де бар.
Деректер тек бір уақыт кезеңінде жиналғандықтан, зерттеу анықталған байланыстардың себебі мен салдарын нақты дәлелдей алмайды.
Сонымен қатар қатысушылар өз мінез-құлқы туралы өздері мәлімет берген. Мұндай жағдайда кейбір адамдар қоғамға жағымдырақ көріну үшін өзінің агрессивті әрекеттерін азайтып көрсетуі мүмкін.
Когнитивтік үдерістерді бағалауға арналған оқиғаларда қатысушы өзін жәбірленуші орнында елестетті. Мұндай жағдай адамның қорғану сезімін және қарсы әрекет жасау ниетін табиғи түрде күшейтуі мүмкін.
Сондықтан зерттеу дизайны реактивті агрессиямен байланысты бастапқы ойлау сатыларының неге күштірек көрінгенін түсіндіруі ықтимал. Өйткені ұсынылған жағдайларда алдын ала есептелген, арандатусыз агрессияға мүмкіндік аз болды.
Тағы бір шектеу – зерттеуге қатысушылардың басым бөлігі 30 жасқа толмаған, жоғары білімді адамдар болды.
Адам жасы ұлғайған сайын әлеуметтік тәжірибесі, эмоциясын басқару қабілеті және қарым-қатынастағы мақсаты да өзгереді. Сондықтан бұл зерттеуде байқалған когнитивтік ерекшеліктерді жасы үлкен немесе білім деңгейі басқа топтарға толықтай қолдануға болмайды.
Алдағы зерттеулерге жасы үлкен және әлеуметтік тұрғыдан алуан түрлі адамдарды көбірек тарту қажет.
Ғалымдар агрессивті мінез-құлықты зертханалық жағдайда нақты уақыт режимінде бақылайтын тәжірибелер де жүргізе алады. Бұл адамның белгілі бір сәттегі ойы нақты әрекетке қалай айналатынын дәлірек түсінуге мүмкіндік береді.
Зерттеу «Social Information Processing and adults’ aggressive behavior: Cognitive Correlates of Reactive and Proactive Aggression Across Sex» деп аталады. Оның авторлары – Мариана Себастиау Машаду, Жозефина Кастро және Карла София Кардозу.