Алматы әуежайында FlyArystan ұшағынан өрт шықты

Бүгін, 16:42 / Інжу Әлихан
Скриншот

Алматы халықаралық әуежайында FlyArystan әуекомпаниясының ұшағы өртенді. Салдарынан Air Astana қызметкері жарақат алды. Оқиға видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Kozachkow Telegram-арнасында Алматы әуежайында түсірілген видео жарияланды. Кадрлардан FlyArystan әуекомпаниясы ұшағының іші өртеніп жатқанын көруге болады. Сондай-ақ ұшақ айналасын түтін басқаны байқалады.

NUR.KZ тілшісі FlyArystan әуекомпаниясының баспасөз қызметіне сауал жолдады. Олар бүгін FlyArystan әуе кемесінде жоспарлы техникалық жұмыстар кезінде өндірістік оқиға болғанын растады.

«Жұмыс барысында өрт шықты. Оны әуежайдың шұғыл қызметтері дереу сөндірді. Air Astana тобының қызметкері жарақат алды. Оған медициналық көмек көрсетіліп, ауруханадан шығарылды.

Оқиға кезінде ұшақ бортында жолаушылар мен экипаж мүшелері болған жоқ. Әуе кемесі уақытша қолданыстан алынып тасталды. Қазіргі уақытта зақымдану дәрежесі бағаланып, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілуде», – делінген жауапта.

Қазір Air Astana тобы Алматы халықаралық әуежайымен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.