Айбек Дәдебай бірінші шақырылымдағы Құрылтай Спикері болып сайланды

Бүгін, 15:04 / Інжу Әлихан
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Айбек Дәдебай бірінші шақырылымдағы Құрылтай Спикері болып сайланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құрылтай Төрағасын сайлау процессі тікелей жасырын дауыс беру арқылы өтті.

«Құрметті, депутаттар! Ең алдымен маған зор сенім артып, менің кандидатурамды Құрылтай төрағасы лауазымына ұсынған Мемлекет басшысына шынайы алғысымды білдіремін. Құрылтайдың барлық депутатына қолдау білдіргені үшін рақмет айтамын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе әрі тарихи жауапкершілік. Президент алдағы жұмыс бағытымызды және нақты міндеттерді айқындап берді. Елімізде жүзеге асып жатқан реформалар мен ауқымы бізден байыпты шешімдер мен кәсіпқойлықты, қажырлы еңбекті талап етеді.

Сонымен қатар, әр заңның, әр шешімнің артында нақты мақсат тұр. Ол – еліміздің одан әрі дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттігімізді нығайтып, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру.

Бұл жұмыстың негізінде халқымыз жаппай қолдаған жаңа Конституцияның құндылықтары мен қағидаттары жатуға тиіс. Басты міндет – оң өзгерістер нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табатын, заң мен тәртіп орныққан Әділетті Қазақстанды бірге құру ісін жалғастыру.

Бұл ретте Құрылтайға артылар жүк пен жауапкершілік өте салмақты екенін жақсы білесіздер. Біз халықтың жоғары сенім мандатына ие болдық.  Сол сенім жұмысымыздың басты бағдарына және оның нәтижесінің негізгі өлшеміне айналуға тиіс.

Құрылтай еліміздің одан әрі жаңғыруына тың серпін беретін, конструктивті қоғамдық диалогқа жол ашып, жаңа заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап ұсынатын мінберге айналуы тиіс. Осы тұрғыда біз жұдырықтай жұмылып, алда тұрған міндеттерді абыроймен атқаруға бар күш-жігерімізді салуға тиіспіз.

Алда қыруар бізді жұмыс күтіп тұр. Осы жауапты жолды бірге еңсереміз деп кәміл сенемін. Артылған сенім үшін тағы да рахмет айтамын.

Нұрлан Мәжитұлына бүгінгі біздің бірінші отырысымызды жүргізгені үшін депутаттардың атынан алғысымызды білдіреміз. Қазақстанымыз тұрақты да қуатты, бірлігіміз бекем, халқымыздың болашаққа деген сенімі нық болсын!», – деді А. Дәдебай.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуымен құттықтап, алғашқы отырысты тарихи сәт екенін айрықша атап өткен болатын.

Құрылтайдың 145 мандаты мынадай тәртіппен бөлінді:

«Әділет» – 110 мандат;

«Ауыл» – 10 мандат;

Respublica – 9 мандат;

«Ақ жол» – 8 мандат;

ЖСДП – 8 мандат.