Осы аптада ел тарихындағы маңызды оқиғалардың біріне куә болдық. Жаңа бір палаталы заң шығарушы орган Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтті. 23 тамызда өткен саяси науқанның қорытындысы бойынша жеті партияның бесеуі заңда белгіленген бес пайыздық межеден асып, Құрылтайға өтті. 145 депутаттық мандаттың басым бөлігі «Әділет» партиясына берілді.
Сайлаушылардың 74 пайызы дауыс берді
Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша сайлаушылар тізіміне 12 623 289 адам енгізілген. Дауыс беруге 9 351 539 азамат қатысып, сайлаушылардың келу көрсеткіші 74,08 пайыз болды. Бұл – 15 наурызда өткен республикалық референдуммен салыстырғанда 224 357 адамға көп. Сондай-ақ 85 576 азамат үйден дауыс берген. Сайлау біртұтас жалпыұлттық округ бойынша пропорционалды жүйемен өткізілді. Яғни, азаматтар жеке кандидаттарға емес, саяси партиялардың тізіміне дауыс берді. Құрылтай құрамындағы барлық 145 орын партиялардың сайлауда жинаған дауысына қарай бөлінді.
«Әділет» 110 мандат алды
Дауыс санау қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы 6 528 948 сайлаушының қолдауына ие болды. Бұл – есепке алынған дауыстың 71,17 пайызы. Нәтижесінде, партия Құрылтайдағы 145 орынның 110-ын иеленді.
Екінші нәтижені «Ауыл» партиясы көрсетті. Оған 574 621 сайлаушы немесе дауыс бергендердің 6,26 пайызы қолдау білдірді. Партияға 10 депутаттық мандат берілді.
Respublica партиясы 509 631 дауыс жинап, 5,56 пайыздық көрсеткішпен Құрылтайдағы тоғыз орынға ие болды.
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясын 478 083 сайлаушы қолдады. Партия 5,21 пайыз дауыс жинап, сегіз мандат алды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияға 469 058 адам дауыс берген. Оның қорытынды көрсеткіші 5,11 пайызды құрап, партияға сегіз депутаттық орын берілді.
Осылайша, Құрылтайдағы мандаттар мынадай тәртіппен бөлінді:
«Әділет» партиясы – 110 мандат;
«Ауыл» партиясы – 10 мандат;
Respublica партиясы – 9 мандат;
«Ақ жол» партиясы – 8 мандат;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 8 мандат.
Қазақстан Халық партиясы мен «Байтақ» жасылдар партиясы бес пайыздық межеге жете алмады. Қазақстан Халық партиясына 285 395 адам немесе сайлаушылардың 3,11 пайызы дауыс берген. «Байтақ» партиясын 97 751 адам қолдап, оның көрсеткіші – 1,07 пайыз.
Бюллетеньдегі «Бәріне қарсымын» нұсқасын 230 446 сайлаушы таңдаған. Бұл – дауыс бергендердің 2,51 пайызы.
Осылайша, «Әділет» партиясы барлық депутаттық орынның шамамен 76 пайызын иеленіп, жаңа заң шығарушы органда айқын басымдыққа ие болды. Қалған төрт партияға 35 мандат тиесілі. Соған қарамастан Құрылтайда бес партияның өкілдік алуы әртүрлі саяси және әлеуметтік ұстанымдардың парламент мінберінде көтерілуіне мүмкіндік береді. «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және ЖСДП фракциялары заң жобаларын талқылау кезінде балама ұсыныстар айтып, парламенттік пікірталасқа қатысады.
Орталық сайлау комиссиясы мандаттарды партиялық тізімдегі кандидаттар арасында бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар адамдарға арналған 30 пайыздық жиынтық квотаның сақталуын бақылауға алатынын мәлімдеді.
Алғашқы отырыс 28 тамызда өтеді
Құрылтай сайлауы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес өткізілді. 1 шілдеде күшіне енген Ата Заң бойынша бұрынғы қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылды.
Жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган саналады. Оның құрамына бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутат кіреді.
Жаңа модельде заң шығару жұмысы бір палатаның аясында жүргізіледі. Сондықтан Құрылтайдың алғашқы құрамы жаңа саяси жүйенің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көрсететін негізгі институт болмақ.
Сайлау барысын 51 мыңнан астам қазақстандық және 777 халықаралық байқаушы қадағалады. Ел аумағында 247 аумақтық және 10 423 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясын 28 тамызда шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Құрылтайдың өкілеттігі бірінші сессия ашылған сәттен басталады.