Ұстазды қадірлей білу – өркениетті қоғамға тән қасиет

Бүгін, 15:30 / Ербұлан Қайрат

Осы аптада өткен Тамыз конференциясының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы білім беру жүйесін дамытудағы басты бағыттарды ай­қындап берді. Президент кадр тапшылығын азайту, өңірлер ара­сындағы білім сапасының алшақтығын жою, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу, балаларды цифрлық қауіптен қорғау, тәрбие беру жөнінде нақты тапсырма берді. Сонымен қатар мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту мәселесі де айтылды.

Білім – мемлекеттің стратегиялық бағыты

Биылғы Тамыз конференциясы елдегі саяси және қоғамдық институттар жаңа­рып жатқан кезеңде өтті. Президент жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғы­лым мен инновацияны дамыту мем­ле­кет­тің стратегиялық бағыты ретінде ал­ғаш рет нақты айқындалғанын айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, тех­­нология қоғамды өзгерткенімен, адам­ның дүниетанымын қалыптастыратын негізгі тұлға – мұғалім. Сондықтан ұстаз­дың кәсіби біліктілігі мен қоғамдық беделі елдің болашақтағы бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.
Соңғы жеті жылда білім саласына бө­лін­етін қаржы үш есе өсіп, 6,4 триллион тең­геге жеткен. Кейінгі бес жыл ішінде бір миллионнан астам оқушыға арналған 
1 120 мектеп салынды. Бұған қоса, 5 мың­нан астам ауыл мектебінің материалдық-тех­никалық базасы жаңартылып, білім ошақ­­тарында 7 мыңнан астам заманауи пән кабинеті жабдықталды.
«Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп бой көтерді. Президент бұл жобаның нәтижесінде заманауи мектептердің жаңа стандарты қалыптасқанын айтты. Дегенмен оқушы орнына сұраныс жоғары аймақтарда құрылыс жалғасуға тиіс. Мемлекет басшысы келесі жылы мектеп салу қарқынын күшейтуді тапсырды.

Мұғалім мәртебесі мен кадр тапшылығы

Президент ұстаздардың әлеуметтік және құқықтық жағдайына да тоқталды. «Пе­дагог мәртебесі туралы» заңға енгізіл­ген өз­герістер мұғалімдерге қосымша ке­піл­­дік­тер берді. 5 қазан ұстаздардың кә­сіби ме­ре­кесі ретінде бекітіліп, мем­ле­кет­тік ма­ра­паттар қатарына «Қазақстанның еңбек сіңір­ген ұстазы» атағы енгізілді. Қа­зір бұл атақ­қа 100-ге жуық педагог ие бол­ған. Соң­ғы үш жылда үш мұғалімге «Қа­зақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
TALIS-2024 халықаралық зерттеуіне сәй­­кес, Қазақстан мұғалім беделін нығайту көр­­сеткіші бойынша екінші орында тұр. Пе­­дагогтердің 95 пайызы өз жұмысына көңі­­лі толатынын, ал 80 пайызы қайта таң­­дау мүмкіндігі берілсе, осы мамандық­ты та­ғы да таңдайтынын айтқан.
– TALIS-2024 (The OECD Teaching and Learning International Survey) зерттеуінің нә­тижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдер­дің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екін­ші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың ең­бекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қа­тарына кіреді. Атап айтқанда, ұста­з­дар­дың 95 пайызы өз жұмысына көңілі то­ла­ты­нын айтқан. Ал 80 пайызы осы маман­дық­­ты қайта таңдауға дайын екенін жет­­кіз­ген, – деді Президент.
Соған қарамастан, білім беру жүйесінде ма­­­ман тапшы. Қазір мектептерге 5 мыңнан ас­­там мұғалім қажет. Бұған халық саны­ның өсуі мен жаңа мектептердің көптеп ашы­луы әсер еткен.
Педагогикалық мамандықтарға қы­зы­ғу­шылық та біртіндеп артып келеді. Биыл мек­теп бітірген 12 мыңнан астам түлек пе­­да­гогикалық бағыттар бойынша мем­ле­кет­тік грант иегері атанды. Олардың екі мың­­нан астамы – «Алтын белгі» иегері. Пре­зидент бұл көрсеткішті оң үрдіс деп ба­­ға­­лағанымен, кадр мәселесін толық ше­шу үшін жаңа тәсілдер қажет екенін айт­ты.
– Ұстазды қадірлей білу – өркениетті қо­­­ғам­ға тән қасиет. Біз ұлт сапасын арт­ты­­ра­­мыз десек, бірінші кезекте мұғалім­дер­ге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным, – деді Президент. 

Реформа мұғалімді күйзеліске түсірмеуі керек

Мемлекет басшысы білім саласында жиі әрі жеткілікті сараптамасыз жүргізіле­тін өзгерістерге сын айтты. Оның пікірінше, реформа атаулы бүкіл оқу жүйесін қысқа мер­зімде түбегейлі өзгертуге ұласпауы керек.
Әрбір бастама алдын ала жан-жақты зерттеліп, тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана жүзеге асырылуға тиіс. Президент реформаның сынақ немесе эксперимент емес, жауапты шешім екенін еске салды.
Бұл талап педагогикалық жоғары оқу орын­дарының қызметін қайта қарау ке­зін­де де ескерілуі қажет. Болашақ маман­дар­­ды мектеп пен балабақшадағы нақты жұ­мысқа бейімдейтін бірыңғай жүйе қа­лып­тастыру ұсынылды. Оған әдістемелік орталықтар, мек­тепке дейінгі, орта және қосымша білім беру мекемелері қатысуы керек.
Президент «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының қазіргі жұмысына көңі­лі толмайтынын да жасырмады. Мұ­ғалімдер тарапынан аттестация талап­тары­ның күрделілігі, артық жүктеме мен қағаз­бастылық жөнінде көптеген өтініш тү­сіп жатқанын айтты.
– Сонымен қатар мұғалімдердің білік­ті­­­­лігін көтеру мәселесіне ерекше назар ау­дар­ған жөн. Алайда осы саладағы кезекті ау­қымды реформаны жасаймыз деп, бүкіл оқу жүйесін қысқа мерзімде түбегейлі өз­гертуге болмайды. Әйтпесе, бұрыннан қал­ған теріс нәтижелер осы аса маңызды сала­ның тас-талқанын шығарғаны есімізде бар. Осындай сынақтар оқу саласына үлкен зиян әкелді. Тек реформа үшін жай ғана аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуді до­ғару қажет. Басқа сөзбен айтқанда, ре­формаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу ке­рек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшы­рат­пауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты педагогтерді ат­тестациядан өткізу талаптарын оңтай­лан­дыру тапсырылды. Бұл бағалаудан толық бас тартуды білдірмейді. Негізгі мақсат – мұ­ғалімнің білімін әділ бағалайтын түсі­нік­ті әрі ашық жүйе құру.

Өңірлер арасындағы айырмашылық – тағы бір түйткіл 

Президент көтерген екінші негізгі мә­селе – аймақтар арасындағы білім сапа­сы­ның айырмашылығы.
Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу нә­ти­жесі бойынша Қызылорда, Солтүстік Қа­­зақстан, Павлодар және Қостанай об­лыс­та­рының, сондай-ақ Астана мен Алматы қа­­лаларының түлектері жоғары көрсет­кіш­ке қол жеткізген. Ал Түркістан, Ұлытау, Аты­рау, Ақтөбе және Алматы облыс­тарын­дағы нәтижелер төмен болған.
Түркістан облысындағы жағдайға ерек­ше назар аударылды. PISA зерттеуі де аймақтағы білім сапасына қатысты мәселелер бар екенін көрсеткен. Облыс оқушыларының 75 пайызға жуығы ауылда тұрады. Сондықтан шалғай елді мекендерде қажетті инфрақұрылым салып, білікті мамандарды тарту Үкімет пен әкімдіктердің жедел міндетіне айналуға тиіс.
Президент Әкімшілігі мен Үкіметке төмен нәтиже көрсеткен облыстардағы ахуал­ды арнайы талдап, оларға нақты кө­мек көрсету тапсырылды. Бұл ретте үздік мек­­тептер мен білім саласындағы даму инс­титуттарының тәжірибесін пайдалану ұсынылды.
Ал «Келешек мектептері» алдағы үш жыл ішінде білім берудің озық үлгілері сы­налатын орталыққа айналуы керек. Жаңа әдістемелер кейін басқа мектептерге тара­тылуға тиіс.

Оқулықтардан 700-ден астам өрескел қате табылған

Президент орта білім мазмұнын жаңар­ту мәселесін де көтерді. Үкімет жүр­гіз­ген тексеру барысында мектеп оқу­лық­тарынан 700-ден астам өрескел қате анық­талған.
Мемлекет басшысы тарихи шындыққа сай келмейтін оқиғалар мен тексерілмеген деректерге негізделген материалдарды қай­та қарауды тапсырды. Оның айтуынша, ба­­­­лаларды ойдан шығарылған «қаһар­ман­дар» мен жалған ерліктер арқылы отан­шыл­дыққа тәрбиелеу дұрыс нәтиже бер­мей­ді.
Оқулықтар өскелең ұрпақты өткеннің қайғысына байланып қалуға емес, ілгері­леу­ге, еңбекке және болашаққа сеніммен қарау­ға бағыттауы қажет. Білім мазмұны за­ман талабына және жаңа Конститу­ция­ның қағидаттарына сай жаңартылуға тиіс.
Президент білім саласына қатысты әлеу­меттік желілердегі дауларға да тоқ­тал­ды. Ол өркениетті пікірталастың орнына жеке тартыс пен даңғазаға жол берілмеуі ке­рек екенін айтып: «Қазір бос, бұрыс сөз­дің уақы­ты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі», – деді.

ЖИ ермек емес табыс көзі болуға тиіс

Президент биылғы мамырда білім беру жүйесіне ЖИ-ді енгізу туралы арнайы Жар­лыққа қол қойғанын, алайда жаңа оқу жы­­лы қарсаңында тапсырманың тиісті дең­­гейде орындалмағанын айтты. Енді ба­лалар мен педагогтердің жасанды интел­лек­тіні қауіпсіз, жүйелі және тиімді пайда­лану тәртібін белгілейтін нақты шара қа­был­дануға тиіс.
Жоғары білім беру жүйесінде жасанды ин­теллектіні қолданудың этикалық, құ­қық­­тық және ұйымдастырушылық ерек­ше­ліктерін реттейтін ортақ стандарт бар. Үкі­метке осындай стандартты орта және кә­сіптік-техникалық білім беру жүйесіне де енгізу тапсырылды.
Президенттің пайымынша, цифрлық тех­нологияларды меңгеру тек жаңа бағдар­ла­маларды қолданумен шектелмеуі керек. Әсіресе ауыл жастары смартфон мен цифр­лық құралдарды тұрақты табыс табуға пай­далана білуі қажет.
– Жасанды интеллект пен оның мүм­кіндіктері ермек емес, кіріс көзі болуға 
тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қыркүйекте елімізде Жасанды интел­лект университеті ашылады. Сонымен қатар Үкіметке Қытайдың жаңа техно­ло­гияларды игерудегі тәжірибесін ескере оты­рып, Астанада Қазақстан – Қытай жа­сан­ды интеллект мектебін ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Саланы басқарудың платформалық үлгісіне көшу де осы міндетпен байланысты. Мемлекеттік сервистер мен ақпараттық жүйелерді біріктіру арқылы мұғалімдерді есеп беру, қағаз толтыру және қайталанатын тексерістерден босату көзделіп отыр.
Президент педагогтерді мектеп жөндеу жұмыстарына немесе оқу үдерісіне қатысы жоқ қоғамдық іс-шараларға тартуға бол­май­тынын тағы да ескертті.

16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге тіркелуге шектеу қойылуы мүмкін

Балаларды қорғау мәселесі білім саяса­тын­дағы төртінші басымдық ретінде атал­ды. 2024 жылдан бері «Ұлттық қор – ба­ла­ларға» бағдарламасы аясында 7 миллионға жуық баланың есепшотына қаражат ау­дарылған. 2024 жылы бұл мақсатқа 695,5 мил­лион, 2025 жылы 888,8 миллион, ал 2026 жылы 901,7 миллион доллар бөлінді.
Сонымен қатар биылдан бастап «Қазақ­стан балалары» тұжырымдамасы жүзеге асы­рылып жатыр. Барлық өңірде Бала­лар­дың құқығын қорғау басқармалары мен Психологиялық қолдау орталықтары құ­рыл­ды.
Алайда цифрлық ортаның бала пси­хо­логиясына ықпалы жаңа сын-қатер туғы­зып отыр. Әлеуметтік желілер, цифрлық плат­формалар, жасанды интеллект және аг­рессивті жарнама баланың дүниета­ны­мы­на отбасы мен мектептен кем әсер ет­пейді.
Үкімет 16 жасқа толмаған балаларға әлеу­меттік желілерде тіркелуге тыйым салу­ды көздейтін заң жобасын әзірлеген. Құ­жат биыл маусымда Парламентке енгі­зіл­ді. Президент бұл мәселені Құрылтайдың бірінші сессиясында қарастыруды ұсы­на­тынын жеткізді.
Үкіметке балалар тұтынатын контентті сүзгіден өткізу жолдарын қарастыру және ба­лаларға арналған міндетті SIM-кар­та­лар­ды жаппай енгізу тапсырылды. Мұндай тә­сіл кәмелетке толмағандарды зиянды ақпараттан қорғауға мүмкіндік бермек.
Фастфуд жарнамасына қатысты мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Қазір дәрігер­лер­дің бақылауында қант диабетіне шал­дыққан 7 мыңға жуық бала бар. Президент құра­мында май, қант пен тұз мөлшері жо­ғары өнімдердің жарнамасын шектеу тә­­жірибесін жан-жақты зерттеуді тап­сыр­ды.

Мектеп тәрбие де беруі керек

Бесінші бағыт бала тәрбиесіне арналды. Қазақстанда 7 миллионға жуық бала бар. Жас­тарды қосқанда, олардың үлесі ел хал­қының жартысына жуықтайды.
Президент мектептер сапалы білім бере­тін мекеме ғана емес, тағылымды тәр­биенің ортасы болуға тиіс екенін айтты. Ба­лалардың бойына отаншылдық, білім­паз­дық, еңбекқорлық, жауапкершілік және заңға құрмет құндылықтарын сіңіру қажет.
Осы жылдан бастап мектептерде «Құ­қық негіздері» пәні оқытыла бастады. Ал­да­ғы уақытта оқу бағдарламасына «Конс­титуция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізіледі. Экологиялық ағарту са­ла­сының бірыңғай стандарттарын әзір­леу жұмысы жыл соңына дейін аяқталуға тиіс.
Сонымен бірге «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының аясын кеңейту ұсынылды. Қазір бұл бағдарлама негізінен орта білім беру ұйымдарында жүзеге асы­ры­лып келеді.
Кітап оқу мәдениетін дамыту мен бала­лар­дың ғылымға қызығушылығын арт­тыру­ға да ерекше көңіл бөлінбек. Прези­дент Ас­та­на, Алматы және бірқатар облыс ор­­та­лы­ғында балаларға арналған жара­ты­лыс­тану музейлерін ашуды ұсынды.
Алдағы екі жыл ішінде Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында Президент­тік кітапханалар жұмысын бастайды. Кейін мұндай кітапханаларды Шымкентте және бас­қа облыс орталықтарында салу жоспар­лан­ған.

Білім жүйесіндегі өзгерістің өзегі – мұғалім

Президенттің Тамыз конференциясын­дағы сөзі білім саласын жаңғырту тек жаңа мек­теп салу немесе цифрлық жүйе енгізу­мен шектелмейтінін көрсетті. Негізгі мін­дет – мұғалімге жұмыс істеуге қолайлы жағ­дай жасап, білім сапасының баланың тұр­ғылықты жеріне тәуелділігін азайту жә­не технологияны нақты пайда әкелетін құралға айналдыру.
Сонымен қатар балаларды цифрлық қауіптен қорғау, оқулықтардың мазмұнын қайта қарау, құқықтық және экологиялық тәрбиені күшейту білім саясатының ажырамас бөлігіне айналмақ.
«Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қа­зақ­станның тірегі болатын жауапты әрі адал аза­маттарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ мін­детіміз», – деді Мемлекет басшысы.
Жиын аяғында Президент бір топ ұстазды жоғары мемлекеттік наградалар­мен марапаттау туралы Жарлыққа қол қой­ғанын хабарлады. Білікті мұғалім, сапа­лы білім және ғылымға ұмтылған ұрпақ ел­дің кез келген белесті бағындыруына мүм­­кіндік береді.