Сары дақтың сапары

Бүгін, 15:30 / Ербұлан Қайрат

Жуырда Астанадағы OzgeEpic креативті хабында суретші Аршын Қабылбектің «Сары дақтың сапары» атты жеке көрмесі өтті. Көрме адамның сыртқы кеңісЙтіктен ішкі әлемге қарай жасайтын рухани ФСсапарын арқау етеді. Бұл сапарда жалғыздық пен тыныштық, уақыт пен жады, еркіндік пен шектеу, қозғалыс пен тоқтау секілді адам болмысына тән күрделі ұғымдар өзара тоғысады.

Көрменің кураторы – Оралбек Қа­­­бөке. Экспозицияға «Жал­ғыз­дық эволюциясы», «Ішкі тыныштық», «Үнсіздік», «15 тәулік», «Рух», «Уақыт ыр­­­ғағы» шығармалары мен «Қоршау» инс­талляциясы енгізілген. Туын­ды­лар­дың орындалу тәсілі мен тақырыптық ая­сы әртүрлі болғанымен, олардың бар­лы­ғын жалғайтын ортақ желі бар. Ол – адамның ішкі күйінің өзгеруі, өзінің жан дүниесін тануға, өмір сүріп отырған кеңістігін жаңаша сезінуге талпынысы.
Аршын Қабылбектің бұл көрмесін бел­гілі бір тақырыптың төңірегіне топтастырылған жұмыстар жиынтығы деп қарауға болмайды. Әрбір серия кө­рер­менді ішкі сапардың белгілі бір ке­зеңіне бастайды. Бір туындыда адам өз жалғыздығымен бетпе-бет келсе, енді бірінде уақыттың адам жадында қал­дыр­ған ізін сезінеді. Тағы бір шығар­ма­лар­да еркіндікке ұмтылыс, сананы шек­тейтін қорқыныштан арылу, жеке кеңіс­тіктің шекарасын түсіну мәселелері алға шығады.

Сары дақ – ішкі қозғалыстың белгісі

Көрменің атауындағы «сары дақ» – бүкіл экспозицияны бі­рік­­­­тіретін символдық образ. Ол белгілі бір заттың нақты бейнесі ретінде емес, адам­ның жан дүниесінде сақталған тірі нүк­те ретінде қабылданады. Кейде үміт­тің, кейде сананың, кейде рухтың, ал кей жағдайда адамды алға жетелейтін іш­кі күштің белгісіндей.
Ол бірде қараңғылық арасынан жылт етеді, бірде көмескіленіп жоға­ла­ды, кейін қайта пайда болады. Осы құ­был­малы сипат адам көңіл күйінің, ойы мен сезімінің табиғатына жақын. Өмір­де де адам үнемі бір қалыпта қалмайды: қуа­ныш пен күмән, сенім мен қобалжу, серпіліс пен тоқырау алма-кезек ауысып отырады. Суретшінің «сары дағы» осы өзгерістердің арасындағы адамның өзін жоғалтпай, ішкі өзегін сақтап қалуын меңзейтіндей.
Көрменің басты ерекшелігі де осын­да. Автор адамды дайын қорытындыға же­телеуге ұмтылмайды. Керісінше, әр шы­ғарма арқылы көрерменнің өз тә­жірибесіне, өз жадына, өз ішкі кеңіс­ті­гіне үңілуіне мүмкіндік береді. Сон­дық­тан бір адам үшін сары дақ үміттің бел­гісі болса, енді біреу оны еркіндікке ұм­тылыс немесе өмірдің ең күрделі сәт­терінде адамды алға бастайтын рухани күш ретінде қабылдауы мүмкін. Көрме кураторы, белгілі суретші Оралбек Қа­бө­­ке бұл туралы көрерменге кеңінен әң­­гімелеп, сериялы суреттерге түсі­нік­те­ме жазған.

Бізді не қоршап тұр?

Көрменің негізгі концептуалдық желілерінің бірі – «Территория» ұғымы. Адамның өмір сүретін кеңістігі үйімен, жұмысымен немесе қоғамдық ортамен ғана шектелмейді. Әр адамның өзіне ғана тән жады, эмоциясы, ойы, тә­жірибесі бар. Солардың бәрі оның көз­ге көрінбейтін ішкі территориясын қа­лыптастырады.
Аршын Қабылбек бұл ұғымды ма­те­риалдық кеңістікпен байланыстыра оты­рып зерттейді. Оның айқын көріні-сі – «Қоршау» инсталляциясы. Шығарма суретшінің ширек ғасырға жуық өмір сүрген үйін қоршаған нақты қоршаудан жасалған.
Бұрын күнделікті тіршілікте белгілі бір аумақтың шекарасын белгілеп тұр­ған нысан көрме кеңістігінде жаңа ма­ғынаға ие болады. Ол уақыттың куәсі, өткен өмірдің ізі, адамның өз кеңістігін қорғауға деген ұмтылысының символы ретінде көрінеді. Қоршаудың бір бетінде ескі және жаңа қоршаулардың фото­суреттері орналасса, екінші жағында ав­тордың өз үйінің ішкі ауласының көрінісі берілген.
Осы арқылы көрермен сыртқы кеңіс­тік пен ішкі әлем арасындағы бай­ланысты сезінеді. Қоршау бір жағынан қорғаныш пен қауіпсіздікті білдірсе, екінші жағынан адамның қозғалысына шек қоятын шекараны еске салады. Оның бойында өткен мен бүгін, ескі мен жаңа, жабық пен ашық кеңістіктердің ара­сындағы қарама-қайшылықтар то­ғыс­қан.
Бұл инсталляциядан туындайтын не­гізгі сұрақтардың бірі – адамның өз кеңістігін қалай қалыптастыратыны. Біз­ді қоршаған қабырғалар мен шека­ра­лар біздің еркіндігімізді қаншалықты қорғайды және қаншалықты шектейді? Адам өз әлемін өзі жасай ма, әлде уақыт пен қоғам қалыптастырған шекара­лар­дың ішінде өмір сүре ме? Көрме осы сауал­дарға әркімнің өз тәжірибесі ар­қы­лы жауап іздеуіне жол ашады.

Жалғыздық эволюциясы

«Жалғыздық эволюциясы» шығарма­сында автор адамның қоғаммен және қоршаған ортамен байланыс орнату, өз ор­нын табу жолындағы ішкі ізденісін зерт­тейді. Жалғыздық мұнда адамның өмі­рінен бөлініп қалған сәт ретінде ғана емес, жеке тәжірибе арқылы қалып­таса­тын эмоционалдық әрі рухани күй ре­тін­де көрінеді.
Автордың айтуынша, кейде адамға ең жақын жандардың өзі оның бүкіл бол­мысын толық түсініп, қабылдай ал­майтын сәттер болады. Осы сезім адам­ның өзін тануына да ықпал етеді. Адам өз­гелерден күткен түсіністікті таба ал­ма­­ған кезде, өзінің ішкі әлеміне тереңі­рек үңіледі.
Шығармадағы сары дақ сол жал­ғыздық кеңістігіндегі үміттің белгісіндей. Ол адамның өзіне, өзгеге және әлемге қарай жасаған ішкі сапарын бей­нелейді. Осы сапар барысында жал­ғыз­дық та өзгеріп отырады. Бастапқыда ауыр сезім болып көрінген күй уақыт өте келе өзін түсінуге, өз болмысыңды қа­былдауға бастайтын тәжірибеге ай­налуы мүмкін.
Суретші адам мен жасанды интел­лек­тінің, жанды мен жансыздың ара­сын­дағы басты айырмашылықтың бірі ретінде сезімді атайды. Бұл ой «Жал­ғыз­дық эволюциясының» мазмұнын те­реңдете түседі. Технология дамыған сайын адамның өз сезімін түсінуі, өзара бай­ланыс пен шынайы қабылдауға деген қажеттілігі бұрынғыдан да маңыз­ды бола түседі.

Үнсіздікпен үйлесім

«Үнсіздік» полиптихі адамның күн­­­де­­лікті өмірдегі шексіз талаптар мен жауапкершіліктер арасындағы күйін бейнелейді. Автордың «Мен барлық сұрақ­қа жауап беруге, барлық жағдайға реак­ция білдіруге міндетті емеспін» де­ген сөзі шығарманың идеялық өзегін ашады.
Қазіргі өмір адамнан үнемі белсенді болуды талап етеді. Ақпарат ағынына үн қосу, әрбір жағдайға пікір білдіру, ай­на­ла­дағы адамдардың күткеніне сай болу, бір мезетте бірнеше міндетті атқару – мұның бәрі адамның ішкі кеңістігін та­рыл­туы мүмкін. Осындай сәтте үнсіз­дік адамның өзіне қайта оралатын кеңіс­­тігіне айналады.
Шығарма өміріміздегі таңдаулардың қан­шасы шын мәнінде өзімізге тиесілі де­ген сауал қояды. Адам кейде өзгелердің үмі­ті мен қоғам қалыптастырған талап­тар­ды өзінің шынайы қалауымен шатас­тырып алады. «Үнсіздік» солардың ара­сын ажыратуға, өз жолыңды қайта се­зінуге шақырады.
Бұл серия адамның шектеулі мүм­кіндігін қабылдауымен де байла­нысты. Әр нәрсеге үлгеру, барлық мәсе­лені шешу немесе әрбір сұраққа жауап табу міндеті адамның табиғатына тән емес. Өз күшіңнің шегін түсіну, кейде тоқ­тай білу, өзің үшін маңызды дүниені таң­дауға мүмкіндік беру де ішкі еркін­діктің бір көрінісі.

Уақыттың ізі

«15 тәулік» – автордың жеке тәжіри­бе­сінен туған эксперименттік серия. Шы­ғармалар суретшінің белгілі бір уа­қыт аралығында қоршаған ортадан уа­қытша оқшаулану тәжірибесі негізінде дү­ниеге келген. Ол әлеуметтік қарым-қа­тынастан және күнделікті тұрмыс дағ­дыларынан саналы түрде алыстап, уа­қыт­ты басқа қырынан сезінуге мүм­кін­дік іздеген.
Осы тәжірибеде уақыт күн мен са­ғат­тың жай ғана өлшемі еместігін әй­гі­леп, адамның ішкі күйімен бірге өзгере­тін кеңістікке айналады. Өткен әр тәу­лік графикалық кескінге түсіріліп, уа­қыт­тың материалдық ізі ретінде сақта­ла­ды.
«Уақыт ырғағы» атты көлемді шы­ғарма да осы ойды жалғастырады. Уақыт мұнда үздіксіз қозғалыс пен түрленудің кеңістігі ретінде көрінеді. Жаңа дү­ние­лер ескіреді, бұрынғы құндылықтар жаңа мағынаға ие болады, ал адамның өмі­рі өзгерістер арасында өз ырғағын табуға ұмтылады.
Автор өзгеретін және өзгермейтін дү­ниелердің арасындағы шекараға на­зар аударады. Уақыт өткен оқиғаларды тарихқа айналдырады, бүгінгі сәтті өт­кенмен және болашақпен байла­ныс­ты­рады. Бірақ ең маңыздысы – уақыттың адам жадында қалдырған ізі. Уақыт өт­кенмен, із, әсер, көрініс адам жадынан өш­пейді.
«Рух» сериясы көрменің ішкі қозға­лыс тақырыбын тереңдете түседі. Ақ пен қа­раның, шындық пен жалғанның, ер­кін­дік пен тәуелділіктің арасындағы тар­тыс осы серияның негізгі өзегіне ай­нал­ған.
«Ояну», «Ішкі жарық», «Серпін», «Өту», «Тәуелсіздік құрбаны» шығар­ма­лары адамның санасындағы күрделі процестерді әр қырынан ашады. Автор еркіндік пен бостандықты асау жылқы және пластикалық иірімдер арқылы бей­нелейді. Бұл образдар қозғалысты, қуат­ты, ішкі серпінді сездіреді.
Көрменің тағы бір маңызды бө­лі­мі – «Ішкі тыныштық» триптихі. Шығарма адамның өз ішіндегі үйлесім­ділік­ті іздеу күйін бейнелейді. Түстердің қа­рама-қайшылығы мен үндестігі, ди­намикалық құрылымдар мен ырғақтар адам­ның жан дүниесіндегі арпалыс пен бейім­делуді қатар сездіреді.
Суретші ішкі тыныштықты өмірден оқшаулану немесе барлық мәселенің шешілуі ретінде қабылдамайды. Адам өмі­рінде қайшылықтар әрдайым бола­ды. Маңыздысы – солардың арасынан өзара түсіністік пен үйлесім таба білу.
Триптих осы ойды көркем таным­мен жеткізеді. Қарама-қарсы түстер бір кеңістікте өмір сүріп, бір-бірінің мәнін толықтырады. Динамика мен ырғақтың қатар келуі де өмірдің үнемі қозғалыста екенін аңғартады. Осы құбылыстардың бәрі адамның ішкі әлеміне де тән.
Аршын Қабылбек үшін тыныш-
тық – адамның өз қайшылықтарымен тіл табыса алатын күйі. 
Суретші 1989 жылы дүниеге келген. 2011 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жұмақын Қайрамбаевтың шәкірті.
«Мен ішкі сезімдерімді шығармаға ай­налдырғым келеді», – дейді Аршын Қабылбек.
Осы сөз көрменің бүкіл болмысын ай­қындайтын сияқты. «Сары дақтың сапары» – адамның өз ішіндегі жадын қайта танып, өзіне тиесілі кеңістік пен еркіндіктің шекарасын жаңаша өлшеуге арналған ізденіс.

Т.ӨСКЕНБАЙ